Бұдан былай мекемелерге қағаз түрінде анықтамалар тасудың қажеті болмайды. Бұл туралы бүгін Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқа отырысында айтылды. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясында өткен жылы 38 млн. қызмет көрсетілсе, соның 24 млн-ы түрлі анықтамалар алуға байланысты болған. Осылайша, азаматтарды да, мамандарды да әбігерге салған қағазбастылық мәселесі енді біржола шешімін таппақ.
Мекенжай анықтамасы, сотты болған-болмағаны, оқу орны, жылжымайтын мүлік жайлы қағаз, тағысын тағы. Қай мекемеге барсаңыз да, анықтама деп ашуға тиетіні бар еді мамандардың. Енді қағаз жинап, қиналмайсыз. Биыл 2 млн анықтама алынып тасталды. Жыл соңына дейін тағы 18 млн-ы тізімнен шығады.
Асқар Жұмағалиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Мәселен, көлікті атқа түсірудің де әуресі көп. Талап ететін анықтама қағаз да баршылық. Енді бұл процесті жүзеге асыру үшін орталыққа келудің қажеті болмайды. Үйде отырып-ақ ғаламтормен тапсырыс беріп, «Қазпошта» арқылы аласыз. Бұл жақсы жаңалық деп ойлаймын.
Бұл «Анықтамасыз қызмет» сервисі арқылы іске аспақ. Арнайы жүйе құрылып, талап етілген құжаттар сонда тіркеледі. Ол үшін жеке сәйкестендірілген нөмір қажет. Әрі мобильді азаматтар базасына тіркелу міндет.
Мұрат Жұманбай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қоғаммен байланыс департаментінің директоры:
- Азамат анықтамаларды ешқайда апармаса да болады. Оны сұратып жатқан тиісті орган порталға кіріп, азаматтың SMS -рұқсаты арқылы бірден сол жерден ала алады. Бұл 24 млн-ға жуық қажетсіз қағаздан арылуға мүмкіндік береді.
Осылайша, халықтың цифрлық сауаты жылдан-жылға артып келеді. SMS -хабарлама арқылы 17000-нан астам әйел нәрестелеріне Туу туралы куәлік алды. Тек ол емес, телефонның көмегімен жәрдемақы рәсімдеу, балабақшаға кезекке қою, тіпті сәбиді тұрғылықты жерге тіркеу қызметінің де игілігін көруге болады.
2020 жылға қарай қазақстандық ауыл-аймаққа 100 пайыз сапалы интернет орнатылады. Бұл да кез келген қызметтің ғаламтор арқылы қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
- Елбасы биылғы Жолдауында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, көлік, құрылыс, қаржылық сектор, білім мен денсаулық, мемлекеттік басқару саласының барлығында цифрландыруды тапсырды. Сондықтан да біз «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының 5 бағытын жүзеге асыру бойынша қызу жұмыстарды қолға алдық. Экономиканы цифрландырудың тікелей нәтижесі бойынша 2025 жылы 2 трлн. теңгені құрайтын үстеме құн табуға жол ашады. Осылайша, мемлекеттік және жеке инвестицияның қайтарымы 5 есеге артады.
Ақпараттық қауіпсіздік те назардан тыс емес. Өткен жылы діни экстремизм, зорлық-зомбылықты насихаттайтын 9000-ға жуық сайт жабылды. Бағдарлама аясында халықаралық «Astana Hub» технопаркінің базасында «Garage» стартап-жобасы іске қосылды.
Руслан Есебаев, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ басқарма төрағасы:
- Біздің міндетіміз – Қазақстан нарығын сыртқа шығара алатын әлемдік заманауи орталық құру. Сондықтан, «Astana Hub» жай ғана ұйым емес. ІТ саласының мамандары, техникалық қызметкерлерді бір жерге топтастыра отырып, инновациялық жобаларды, кәсіпкерлердің жұмысын жандандыруды, инвесторларды тартуды көздейміз.
Биыл «талшықты – оптикалық» байланыс жүйесінің құрылысы 1000-нан астам ауылға орнатылады. 300 мың тұрғыны бар 12 елді мекен радио желісімен қамтамасыз етілмек. Осылайша, халық жаңа бағдарламаның шарапатын көреді. Өткен жылдың өзінде интернет тұтынушылардың саны бойынша Қазақстан 137 ел арасынан 36-орынға көтерілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 сатыға жоғары.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ