Қарағанды облысындағы Новодолинка кенті маңында қолданылған медициналық препараттардың қалдықтары шашылып жатыр.
Бірнеше күн бұрын жергілікті тұрғындар өздері түсірген бейнежазбаны әлеуметтік желіге жүктеді. Елді мекеннен қарыстай жерде ашық-шашық жатқан қалдықтардың арасында тіпті екпе инелері, ампулалар да бар. «Бұдан жұқпалы аурулардың таралуы әбден мүмкін»,-дейді мамандар. Новодолинкада тек бір ғана медициналық мекеме-отбасылық денсаулық орталығы бар. Дәрігерлердің айтуынша, мұндағы медициналық қалдықтар алдымен арнайы оқшаулағыш қораптарға салынып, кварцпен залалсыздандырылады. Кейін оларды жоюмен айналысатын арнайы компания өкілдері алып кетеді. Ал, Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жыл сайын медициналық қалдықтарды жою үшін қыруар қаражат бөлінетінін алға тартып отыр. Қазір бұл іске қатысты құзырлы органдардың тексеріс жұмыстары басталды.
Ләззат Секербаева, облыстық Денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда құзыретті органдар тарапынан тексеріс жүргізіліп жатыр. Сол органдардың шығарған қорытындысына сәйкес, біз жоспардан тыс тексеріс жасап, шара қолданамыз. Әзірге қай мекеменің заң бұзғаны белгісіз.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ