Ресейде білім алатын жастардың саны артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде білім алатын жастардың саны артқан

15.02.2018

2017 жылы елімізден 10 мыңға жуық жоғары білімді маман сыртқа кеткен. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, соңғы жылдары шекаралас аймақтардағы түлектердің шетелге құжат тапсыруы жиілеп кеткен. Ресейдің жоғары оқу орындары Қазақстанның мектептерінде әртүрлі байқаулар ұйымдастырып, білімділерін ерте бастан іріктеп алып, тегін оқуға мүмкіндік беретін сертификаттар табыстайды екен. Шекаралас аймақтардың орыстілді мектеп түлектерінің көпшілігі ҰБТ тапсыруға құлықсыз, өйткені, оның тәртіп-ережелерін қиынсынатын көрінеді.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:  

 - Қазақстанда оқу ақысы қымбат, сондықтан, шекара асуға мәжбүр. Қарапайым бір ғана мысал, Еуразия Ұлттық университетінің бір жылдық оқу ақысы 750 мың теңге шамасында және жатақханада жиі орын болмауына байланысты пәтер жалдайды. Әр студент үшін жылына 1 миллион теңгеден астам шығын әкеледі. Ал, Ресейдің Омбы қаласындағы мемлекеттік университеттің бір жылдық оқу ақысы орта есеппен 400 мың теңгені құрайды.

Ал, Сенат депутаты Динар Нөкетаева мектепте смартфон пайдалануға тыйым салу керек деп есептейді. Себебі, қазір елімізде ұстаздарға деген құрмет азайып, оларға  деген сенімсіздік күннен-күнге артып бара жатыр. «Өйткені, диктофон, фотоаппарат, мобильді телефон қолдану арқылы оқушылар мұғалімдердің беделін түсіріп жатыр», - дейді депутат.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу