Мәжіліс кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат бизнес шығындарын қайта реттеп, аталған саладағы әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған.
Тексеруші органдар кемшіліктерді анықтаған жағдайда бірден айыппұл салмай, алдымен ескерту жасайды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасы кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасағанын айтып, «қазіргі таңда шағын және орта бизнесте жаппай тексеріс жоқ»,- деді. «Бірақ, шетелдегі тәжірибелерді ескеріп, ұсыныстарды енгізулеріңіз қажет ,оның ішінде мемлекеттік бақылау қызметін азайту бойынша жұмыстарды жүргізу керек»,- деді. Жалпы, Ұлттық экономика министрлігі монополистердің бірқатар қызметтерін заңды түрде регламенттемек. Қазіргі уақытта заңды және жеке тұлғалар табиғи монополия субъектілерімен, атап айтқанда теміржол, электрмен қамту қызметі ұйымдарымен бірлесе жұмыс жүргізеді. Бірақ, мұндай қызметтерді көрсету заңнама тұрғысынан реттелмеген. Тәжірибе жүзінде бұл жұмыстар ішкі бұйрықтар мен тәртіптер арқылы жүзеге асырылып жатады. Сондықтан, анықталған 75 қызметке регламент жасау ұсынылды. Нәтижесінде тексерулердің жалпы саны 30%-ға қысқартылады. Еліміз бизнесті оңай жүргізу бойынша «Doing Business» рейтингінде 30-орынға көтеріледі. Қазір Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша 36-орында.
Индира БЕГАЙДАР