Алдағы күндері ауа райы тұрақсыз болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы күндері ауа райы тұрақсыз болады

14.02.2018

Алдағы үш күнде Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы болады. Жоғары циклондар мен атмосфералық қысымның әсерінен республиканың солтүстік өңірлерінде боран соғады. «Қазгидромет» мамандарының болжауынша, оңтүстікте көктайғақ болып, қалың қар жауады, жел күшейеді. 

Жамбыл облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ, бұрқасын болып, желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді. Шығыс Қазақстан облысында да бұрқасын болып, қатты жел соғады. Алматы облысында тұман, көктайғақ, түнде жел күшейеді. Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарында да осындай ауа райы болжанып отыр. Ал, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында бұрқасын, тұман болады. Сондай-ақ, Қызылорда, Оңтүстік  Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей жерлерінде тұман түседі. 

Айдана Абықан, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

- Астана қаласы бойынша ертең және 16 ақпан күндері түнде және таңертең қар жауады, бұрқасын болуы мүмкін. Түнде ауа температурасы 23,25,  күндіз 16,18 градус суық болады. 17 ақпан күні жауын-шашынсыз ауа райы болжанады. Түнде 22,24, күндіз 13,15 градус суық.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу