Қызылорда өңірінде қатерлі ісікке шалдыққандар көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда өңірінде қатерлі ісікке шалдыққандар көбейді

08.02.2018

Қызылорда өңірінде қатерлі ісікке шалдыққандардың қатары көбейіп барады.   Әсіресе, асқазан-ішек және өкпенің қауіпті ауруы жиі кездеседі. Облыстық онкологиялық орталықта былтыр 3 мың науқас емделген, 546 адамға операция жасалды. Ең өкініштісі, обыр дерті жастар арасында белең алып барады. Аурудың алдын алу үшін мамандар Сеулден келген білікті дәрігерлердің тәжірибесіне сүйенбек.  

Николай өкпе обырына шалдыққан. Жаңа ғана операциядан шықты.    Жағдайы бірқалыпты. Ал, Рауза Әлсейітова 2005 жылдан бері қауіпті кеселмен күресіп келеді. Қатерлі ісік дененің әр жерінен қылаң беріп, мезі етті. Бірнеше мәрте операция жасалды, химиялық ем алды. Қазір науқас орталықтың паллиативті бөлімшесінде жатыр.     

Рауза Әлсейітова, тұрғын:

- Күйбең тірлікпен жүре бересің. Екінші рет қайталанғаннан кейін өзімізге қарауға мәжбүр болып жатырмыз. Зорға келіп едік, қазір міне, шығып сөйлеп отырмыз.

Паллиативтік бөлімше алғашқыда 15 адамға лайықталды. Науқастардың көбеюіне байланысты кейін тағы 15 орын қосылды.     

Виктория Юн, химиотерапия бөлімінің меңгерушісі:

- Қазір аурулардың арасында жастар көп. Бізді осы алаңдатады. Ересектер, оның ішінде 65 жастан асқан азаматтардың арасында онсыз да жиі кездеседі. Әйелдердің сүт безі қатерлі ісігі белең алды. Өкінішітісі, адамдар ауруды әбден асқындырып барып келеді. Негізі дерт алғашқы сатыда анықталса, емдеудің нәтижесі жақсы болады.

Оңтүстіккореялық дәрігерлер де мұны қоштайды. Обыр дерті ол жақта да асқынып тұр. «Бірақ, көп жағдайда ересек адамдар қауіпті індеттің зардабын тартады», - дейді. Сондықтан, сеулдік мамандар егде жастағы кісілерді оңалтуға ерекше мән береді.

Ким Джон Сик, Сеул клиникасының профессоры, онколог-гинеколог:

- Біз расымен де таңқалдық. Науқастардың ауру тарихын қарасақ, әр түрлі. Жастардың мұндай ауыр дертке шалдығуы өте қиын жағдай. Бізде тек үлкен кісілер ауыратындықтан, оларды сауықтыруға, оңалтуға бар күшімізді саламыз. Жалпы, онкологиялық ауруларды ауыздықтауда тек медициналық жабдықтар емес, дәрігерлердің білікті болуы да маңызды. Сондықтан, біз Сеул клиникаларына қазақстандық дәрігерлерді шақырамыз.

Шетелдік дәрігерлер ауруды ерте анықтаудың әдістерімен бөлісті. Бұл алдағы уақытта өз нәтижесін берері анық.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу