Атырау облысына қарасты Азғыр өңіріндегі өзекті мәселелер Ұлттық арнаның назарында (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысына қарасты Азғыр өңіріндегі өзекті мәселелер Ұлттық арнаның назарында (ВИДЕО)

08.02.2018

Облыстан 600 шақырымдық жерде орналасқан аймақ тұрғындарының шешілмеген проблемалары көп. Автомобиль немесе темір жол жоқ, қатынас қиын. Ол аздай, экологиялық ахуал көңіл көншітпейді. Ядролық жарылыстар болған алаңдар қоршалмай тұр. Одан денсаулыққа төніп тұрған қауіп жоғары. Ұлттық арна тілшісі Индира Бегайдар полигондарға барып келді.

Азғыр  өңірінде үш ауылдық округ құрамына кіретін 9 елді мекен бар. Тұрғындар үшін ең өзекті - су мәселесі. Өйткені, оның құрамында кадмий, торий, қорғасынның шектік мөлшері өте жоғары. Бұл кез келген адамда психикалық ауытқушылық тудырады. Суды қазір малға береді. Ауылдағы ағайын шет жақтан су тартқызғанымен оның құрамы күмән тудырады. Тұрғындардың айтуынша, тұздылығы тым жоғары. Ал, тексеретін тиісті мекеме келісімшарт болғанымен, келмеген.

«Су - тіршілік нәрі. Сондықтан да сараптама жасалу керек және қорытындысын назарға аламыз», - деді депутаттар. Сондай-ақ, бұл жерде экологияға қатысты мәселелер де бар. Азғыр өңірінде Кеңес Одағы кезінде 17 рет жерасты ядролық сынақ өткізілген. Полигонға берілген аумақ 300 гектар жер. Амангелді Мағзұмов 24 жыл бойы оңтүстік сейсмикалық экспедицияда істеді. Сынақ өткізгенде барлық алаңдарда болды. «Ядролық жарылыс тоқтатылғанымен, оның зардабы әлі де бар», - дейді.

Амангелді Мағзұмов, ауыл тұрғыны:

- Балалар туғаннан кемтар. Малдың төлдері нысаналы дейді ғой қазақша. Нысаналы туу көп.

Азғыр үшін кімді жағырамыз? Бір алаңды қоршау үшін шамамен 10 миллион теңге қажет. Жауапты органдардардың айтар уәжі бар.

Орақ Бисембиев, Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

 - 2017 жылы 5 алаңды қоршау керек болған. Сол 5 алаңды қоршауды ұтып алған мердігер компания Шымкент қаласынікі. Олар келмеді.

Енді қоршауды қою керек компанияның ісі сотта жатыр. Келесі жылы барлық он алаң қоршалады деп уәкілетті органдар уәде берді. Ал, мына «Ява 13»  туралы естіген боларсыз. Бұл Кеңес Одағы кезінде дайындалған аса құпия қондырғы.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Сол дәуірдегі ғылыми жетістіктердің бірі. Оны қандай мақсатқа пайдалануға болады? Бүгінгі күні біздің ғалымдарымыз жауап бере алмауда. Мұны мемлекеттік тұрғыда қажеттілікке пайдаға асыру мәселесін қарастыру керек не болмаса бұл жерді туризм объектісіне айналдыру қажет.

Қондырғыны туристік нысанға айналдырса, жергілікті тұрғындар да аздаған болса да, пайда көрер еді. Азғырдағы өзекті мәселелер, азаматтардың ұсыныстары енді Парламент қарауында болады.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу