Екібастұздағы көмір кеніші тоқтаусыз істеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұздағы көмір кеніші тоқтаусыз істеп тұр

07.02.2018

Еліміздің кейбір аймақтарында көмір тапшылығы туындағанымен Екібастұздағы кеніштер тоқтаусыз жұмыс істеді. Яғни, қара отын өндіру кестеге сай жүрді. Көмір шығаратын кәсіпорындар саланы әртараптандырып, ішкі нарықты толықтай қамтуды бірінші кезекке қояды. Экспортқа жөнелту, содан кейінгі шаруа. Өңірге барған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Мәселен, өткен жылы елімізде 106,7 млн. тонна қатты отын өндірілген. Оның 60 пайызы Екібастұз көмірі. Он екі жарым миллион тоннасы тұрғындарға сатылды. Биыл «Шығыс» кеніші өнім көрсеткішін 1 млн. тоннаға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Мұнда өндірілген көмір еліміздің жүйе құраушы кәсіпорындары мен Ресей нарығына шығарылып келсе, енді қарапайым тұтынушылар да сатып алады. Оларға күлділігі жоғары көмір емес, қызуы қатты, жеңіл жанатын өнім дайындалады.       

Юрий Гончаров, «Шығыс» кенішінің директоры:

- Біз қазір түйіршектелген көмір шығара бастадық. Бұл негізінен қарапайым тұтынушыларға және металлургиялық кәсіпорындарға арналған. Сонымен қатар, байытылған көмір шығаратын жаңа  жобаны дайындадық. Жақын уақытта соны іске асырып, халықты жүйелі түрде  көмірмен қамтуды бастаймыз. 

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу