Атырау облысына қарасты Азғыр өңірінде шешілмеген мәселе көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысына қарасты Азғыр өңірінде шешілмеген мәселе көп

06.02.2018

Облыс орталығынан 600, аудан орталығынан 300 шақырым жерде орналасқан аймақта 3 ауылдық округ бар, 8 мыңға жуық адам тұрады. Олар бөріктей төбеге, тақиядай дөңге шығуға зар болып жүр, жол жоқ. Ауылдарға су тартылып, газ әкелу жұмыстары қолға алынғанымен сауда-саттық жасау, аурухана мәселелері тағы бар. Ресеймен шекарада орналасқан өңір тұрғындарының жоғарыдағыларға қолы жетпей, төмендегілерге сөзі өтпей жүр. Аймақ тұрғындарының мәселесі Сенат депутаттарының назарында.

 «Жол азабын жүрген білердің» мағынасын Азғырға азаптанып барып қайтқандар жақсы біледі. Күншілік жерге бірер сағатта жеткізетін техниканың дамыған заманында жергілікті тұрғын Есімхан Жанызин жобасы ғана қалған жолда Асан қайғы бабасындай желмаясын желдіртіп жүр.

Есімхан Жанызин, ауыл тұрғыны:   

- 1979 жылдан бері қатынаста келе жатқан жол. Жолдың азабы мол.

Кетеуі кеткен жолды жөндеуге 40 миллиардқа жуық теңге керек. Сұраушының сұрағанын бере қоятындар әзірге жоқ. Барға ырза, жоққа сабыр күн кешуде. Бірақ, ырза болар бардың өзінде бақай есеп көп. Бензин сататын бекеттер жоқ. АИ-92 бензині таныс тамыр арқылы 200 теңгеден сатылады. Күнделікті қажет тауарлар да қымбат. Сауда жасау үшін аудан, не облыс орталығына барып келу қиын. Ал, 60 шақырым жерде орналасқан Ресейдің Қарабайлы қаласына барып, сауда жасаудың өзіндік проблемалары бар.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

 - Әрбір адамға өзіне керекті ғана затты алып шығуға рұқсат берілген. Яғни, бір адамға 36 келі шамасында келеді.

Осылайша, азғырлықтар Қарабайлыда сауда жасай алмай, шекара қызметкерлеріне күні түсіп отыр. Мұндағы 27 дүкеннің бәрі болмаса да, ішінара контрабандалық тауарлар сатылатынын саудагерлер жасырмады. Олар амалсыздан қылмысқа баратындықтарын айтып ақталады.

Шекарадан өту қаншалықты қиын? Азғыр арқылы Қарабайлыға өзіміз барып көрмек болдық. Бірақ, бізді жібермеді. Қазақстанның Астраханьдағы консулын бері қарай өткізбеді. Бұл жерге жету үшін қайтадан аудан ортылығына барасыз, одан кейін шекарадан өтесіз. Тағы 12 сағат уақытың кетеді.

Асқар Омаров, шекара қызметкері:

- Арнайы анықтама болу керек және жеңіл көлік түрлері ғана өте алады. Ал, үлкен машиналар өте алмайды.

Гүлара Ағисова үшінші топтағы мүгедек. Ауылдағы жалғыз аурухананы күндізге бөлімге ауыстыратынын естіген ол түнде талмасы ұстаса, қайда барам деп уайымдап жүр.

Гүлара Ағисова, ауыл тұрғыны:

 - Түнде ауруым ұстады. Аурухана жабылып қалды. Шақыратын кісі жоқ. Сонда мен не істеймін?!

Мансұр Қуанышәлиев, Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты:  

- Бұл жерде жоспар орындалмайды деген уәж айтады. Олай емес негізінде. Барлық жоспар орындалып отыр. Менің қолымда нақты мәлімет бар.

Ауылда перзентхана атымен жоқ. Аудан орталығына жеткенше түсік тастаған әйелдер де бар. Денсаулығың сыр берсе, дәрігерге жеткенше сүлдерің ғана қалады. Азабы көп Азғырдағы қазіргі жағдай осындай. Мән-жаймен танысқан Сенат депутаты бұл мәселелерді қадағалауға алатынын айтты. Жалпы, шекара мәселесі де осыған дейін Парламент қабырғасында екі рет көтеріліп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолданған болатын.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл Үкімет тарапынан қолдау тапқанымен, өкінішке қарай Ресей тарапынан қолдау болмай тұр. Бұл келісімшарт жасалған кезде біз Еуразиялық экономикалық одаққа немесе Кеден одағына мүше болған жоқ едік. Ал, бұл шартқа сәйкес ешқандай кедергі тосқауыл болмауы керек.

Мемлекетаралық мәселе қашан шешілуі мүмкін? Үкімет мүшелеріне шықтық. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жауап беремін деп уәде берді. Артынша ведомство өкілдері жазбаша жауап жіберді. Онда «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі, Ресей Федерациясы Көлік министрлігі басқа уәкілетті органдарымен бірге аталған ұсыныстарды Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның Көлік жөніндегі шағын комиссиясының кезекті отырысында пысықталып, әзірленеді», делінген. Бұл отырыс осы жылдың сәуір, мамыр айларында өткізілмек. Ал, әзірге жолдың зары мен базардың нарығы азғырлықтардың армандарына кісен салып тұр.

Индира БЕГАЙДАР

        

Хабарламаларға жазылу