Пойыз билетінің құны қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пойыз билетінің құны қымбаттады

05.02.2018

«Қала маңындағы электр пойызының билет бағасы екі есеге жуық қымбаттады». Біздің арнаға шағым жасаған жолаушылар осылай дейді. Тек электр емес, облысаралық теміржол көліктерінің тасымал құны да 7 пайызға өскен. Бағаның шарықтау себебін тілшіміз зерделеп көрді. Әсіресе, электр пойыз жолақысы шарықтап кеткен.

Зарлық Әліпова, Астана қаласының тұрғыны:

- Пойыз билеті қымбаттады. Қиын ғой.

Бота Қонысбаева, Екібастұз қаласының тұрғыны:

- Осы жолы келгенде қымбаттау болды.  Бұрын 1800-ге, 1200-ге алып жүргенбіз. Қазір 2313 теңге. Енді қиын болса да, балаларға келу керек.

«Жыл басынан қала маңындағы пойыздардың билет бағасы 37 пайызға өскені рас», - дейді мамандар. Бірақ, екі есеге шарықтады дегенге келіспейді. Әрі билет құны вагон түріне қарай құбылады. Айырмашылығы – 400-800 теңге аралығында.

Руслан Байдәулетов «Қала маңы тасымалы» АҚ экономика және қаржы бойынша вице-президенті:

- Мәселен, бұрын Астана-Павлодар бағытының 1-класты вагоны – 2496 теңге болса, қазір 3500-ге жуық теңге тұрады. 3-ші класты вагоны былтыр - 1900 теңге болса, қазір 2700 теңге. Яғни, баға 37 пайызға ғана өсті. «Екі есеге қымбаттады» деген сөз шындыққа сәйкес келмейді. Бәлкім, жолаушылар сол вагон түрлері арасындағы тарифті шатастырған шығар.

«Тарифті Инвестициялар және даму министрлігі бекітті», - дейді тасымалдаушылар. Ал, министрлік өкілі бағаны өсіру мәжбүрлі шара екенін айтады. Әрі қала маңындағы электр пойыздарының тасымал құны соңғы 5 жылда өзгермегенін алға тартып отыр.

Замира Жүсіпбекова, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті теміржол басқармасының бас сарапшысы:

- Қала маңындағы пойыздардың арақашықтығы аз мөлшерде болғандықтан, тасымалдаушының шығынын өтей алмай тұр. Қазіргі қолданыстағы бар маршруттардың санын сақтап қалу мақсатында, сондай-ақ, жолаушылар тасымалдау құнынан келетін шығындарды төмендету мақсатында бұл шара мәжбүрлі түрде өтетін болды.

Қымбат билет қалтаны қақса да, қараша халықтың осы бағамен барыс-келіс жасаудан басқа амалы жоқ. «Енді, жолақы құнын көтерді екен, қызмет көрсету сапасы да бағасына лайық болса», - дейді жолаушылар.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу