Мақтаарал ауданында егістік құнарсызданып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтаарал ауданында егістік құнарсызданып барады

02.02.2018

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында жерасты суының деңгейі көтеріліп кетуінен егістік жерлер сорланып, топырақ құнарсызданып барады. Соның әсерінен мақтадан алынатын өнім жыл өткен сайын азайып барады. Осыдан екі жыл бұрын шаруалар әр гектардан 26,5 центнерден мақта алса, былтыр өнім 4 центнерге төмендеп кеткен. Ал, жерасты суын реттейтін  арнайы ұңғымалардың көбі істен шыққан. Сондай-ақ, ағын су жүретін арықтар мен каналдардың тазаланбауы да шаруаның тірлігін шатқаяқтатып жіберді.   

Мына егістік алқаптағы көлкіген су жердің сорын шаю үшін әдейі жіберілген. Бірақ, жер астындағы су деңгейі жоғары болғандықтан, баяу сіңуде. Жылдағы жағдай осы. Көктем келіп, жер қызғанымен, егістік кеппей тұрып алады. Соның салдарынан шаруаның да алатын өнімі азайған.

Мұрат Құрбанов, шаруа:

- Көп көсектер піспей қалады. Соның әсерінен өнімді кеш аламыз. Кеш егілген соң түрлі зиянкестерге ұшырайды. Өнім аз болады. 10-15 центнерге  төмендейді. 

Аймақта жерасты суының деңгейін төмендету үшін кезінде арнайы ұңғымалар қазылған. Мұндай әдіс топырақты тұзданудан сақтайды әрі жердің құнарын арттырады. Кезінде осындай қондырғының ауданда 731-і болған. Кейін иесіз қалды. Қазір соның небәрі үштен бірі ғана жұмыс істеп тұр. Биылдан бастап жеке азаматтар иеленіп кеткен ұңғымаларды мемлекет меншігіне қайтару, оларды жөндеу ісі басталғалы отыр. 

Сондай-ақ, былтырдан бері каналдардың да табаны аршылып жатыр.  Өйткені, неше жылдан бері тазаланбағандықтан, арнасы тарылып, көп жерін қамыс басып кеткен. Аймақта ұзындығы 700 шақырымға жуық су жүйесі бар. Кезінде олардың да жекенің иелегіне беріліп кетуі бұл іске қиындық тудырып отыр.

Марат Абуов, Мақтаарал ауданы әкімдігі Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Тағы 78 канал жекеменшіктің қолында. 93 канал біздің меншігімізде болып тұр. Су жүйелерін республикалық меншікке өткізу жұмыстары жүріп жатыр. 

Осы жұмыстар толық аяқталғаннан кейін аймақтағы 3 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарады. Сондай-ақ, «ағын судың жеткіліксіздігінен егіске жарамай қалған тағы 1 мың гектар жерді игеруге мүмкіндік туады», - дейді мамандар.  

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

 

 

Хабарламаларға жазылу