Елімізде адвокаттардың жұмысы мен тәртібі бақылауға алынады. Қазір осыған қатысты «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр. Құжатта бұдан басқа тәуелсіз заңгерлердің де жұмысын реттеу жағы қарастырылған. Өйткені, олардың көбісі азаматтарға заңды көмектерін ұсынып жеке дара жұмыс істейді. Олардың жұмыс сапасын бақылайтын ешқандай ұйым жоқ. Енді қаралып жатқан заңға сәйкес жеке заңгерлердің палатасын құру туралы норма енгізілмекші. Осы орайда адвокаттардың да жұмыс сапасын бақылау мақсатында арнайы тәртіптік кеңес құру ұсынылған. Өйткені, бұған дейін адвокаттардың үстінен арыз-шағым түссе оларды өздері қарап шешімді де өз ыңғайына қарай шығарып отырған. Ал, жаңа заңға сәйкес тәртіптік Кеңес құрылатын болса оның құрамында бірнеше саланың өкілдері болады.
Қанат Мусин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үкіметтің ұсынысы бойынша бұл жағдайларға арнайы тәртіптік коллегия құрылу керек. Оның ішіне адвокаттардан басқа мемлекеттік органның өкілдері және отставкаға шыққан судьялар кіріп, солар бірігіп адвокаттардың жауапкершілігін қарауы керек.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ