Кәсіпкерлер интеграция игілігін көруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлер интеграция игілігін көруде

17.03.2014
Кәсіпкерлер интеграция игілігін көруде

Ақтаудағы сүт және нан өндіретін зауыт ұжымы Ресей, Беларусь елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатып отыр. Тамақ өнеркәсібіне қажетті шикізаттар мен техника осы елдерден уақытылы жеткізіліп тұрады. 

 
Тиімді технология өнім сапасының тұтынушылар талабынан шығуына кепіл болып отыр. Соның нәтижесінде кәсіпорынның ісі ілгерілеп, табысы молайып келеді.
 
«Берекет-Ф» деп аталатын бұл серіктестік 17 жылдан бері қоғамдық тамақтану саласының жүгін арқалап келеді.   Оның бір тармағы ретінде 2007 жылы сүт зауыты ашылды. Содан бері Ресей және Беларусь елдерімен тығыз қарым-қатынаста. Өндіріске қажетті құрғақ сүт пен қоспалар, сүт өнімдері құйылатын барлық ыдыстар сол елдерден әкелінеді.
 
Ақгүл Қуантқанова, жұмысшы:
Айран, ірімшік дайындаймыз. Біздің шығарып жатқан өнім өте сапалы.
 
Зауытта 20 адам жұмыс істейді. Олар күніне 15 тонна сүт өнімдерін дайындайды. Толықтай автоматтандырылған жабдықтар іске қосылған.
 
Елена Зеленская, серіктестіктің бас директорының орынбасары:
Қазір 30 түрлі сүт өнімдерін шығарып жатырмыз. Тәулігіне 15 тонна сатылымға жіберіледі. Сұраныс артып келеді. Зауытта Ресей мен Беларусьтің сапалы шикізатын пайдаланамыз. 
 
Жазира Әбіл, тілші:
Интеграциялық қарым-қатынастың жемісі - осы. Жергілікті тұрғындарға жұмыс көзі табылып, сапалы өнім тұтына  бастады. Ас атасы - нан. Кәсіпорынның екінші бағыты - нан өндірісі. Мұнда тәулігіне 12 тонна өнім шығарылады.
 
1 жыл 3 ай бұрын ашылған нан зауытында 100 адам еңбек етеді. Мұнда 25 тоннаға дейін нан шығаратын мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде ұннан жасалған 100 түрлі өнім шығарады. Онда тәтті тоқаштар, бөлке, қара нандар бар. Зауыттың техникалық қуаты жоғары.
 
Ержан Борашев, нан зауытының бас технологы:
Ресей елінен де техникаларды алдырдық. Шикізатты Ресей мен Беларусь елінен аламыз.
 
Интеграция игілігін көрген кәсіпкерлер қарымды қарым-қатынасты жалғастыра бермекші.  Өйткені, кәсіпорынның кез-келген өніміне сұраныс күн санап артып келеді.
 
Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу