Алматы облысында түтіні түзу, тірлігі қызу елді мекен бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында түтіні түзу, тірлігі қызу елді мекен бар

01.02.2018

Құрылғанына 90 жыл толғалы отырған Көлбай ауылында 3 мыңдай халық тұрып жатыр. Қытымыр қыстың суығына қарамастан ел-жұрт еңбекке араласып, ауылдың өркендеуіне бір кісідей ат салысуда. Ал, мемлекеттік бағдарламалар Көлбайдың келешегін келелі етпек. Ауыл экономикасына 500 млн теңге инвестиция құйылып, ірі ауылшаруашылық кешені салынып жатыр.

Мал бордақылау алаңы 6 мың басқа арналған. Қазірдің өзінде мұнда бес мыңдай ангус және герефорд сиырлары бордақылануда. Ал, шаруашылық жанынан ет комбинаты салынып жатыр. Көктемде іске қосылатын заманауи кешенде жылына 10 мың ірі қара сойылып, еті экспортқа шығады деп күтілуде. Шаруа басындағылар қаһарына мінген қыстан қысылмай шығарына сенімді. Себебі, мұнда адамға да малға да жағдай жасалған. 

Ауылда қол қусырып отырған ешкім жоқ. Қыста да қарбалас тірлік. Қарапайым жұртпен қоса ауыл әкімі де шаруаның басы қасында бірге жүр.

Биыл Көлбай ауылының құрылғанына 90 жыл. Мерекеге дайындық қазірден басталып та кетті. Бірлігі бекем, тірлігі ерен көлбайлықтар торқалы тойға жақсы жетістіктермен жетеміз деп отыр.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу