Алматы облысы Қарасай ауданының ауылдарында көгілдір отын мен көмір тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы Қарасай ауданының ауылдарында көгілдір отын мен көмір тапшы

31.01.2018

Алматы облысы Қарасай ауданының ауылдары мен саяжайларында газ тапшы. Ал, көмір жоқ. Газ құбырлары бірде көгілдір отынның қысымын азайтса, бірде газ орнына құр ауаны айдап жатыр. Қаңтардың аязынан қысылған жұрт жергілікті басқару орындарына барып базынасын айтқанмен, олардың сөзін елеп-ескерген ешкім жоқ. Сондықтан, көпшілік арнамызға хабарласып, осы мәселені жоғарғы жаққа жеткізуді сұрады.

Алқар Самарқанұлы қыстың көзі қырауда отбасымен үйдің бір бөлмесінде бүрсең қағып, тоңып отыр. Көгілдір отынмен жылитын баспана болған соң, көмір түсіріп, қысқа қамданбаған. Жаурағаннан кейін туғанын жағалайын десе, баратын жері жоқ.

Тұрғындар шағымын айтып, жергілікті атқарушы билікке барған. Алайда, олар «Біз білмейміз», деп қысқа қайырыпты. Сөйтіп, әкімдіктегілер білмесе, енді қайыр кімнен, деп жұрт мұңын шақты. Көпшіліктің сөзінше, көгілдір отынның ақшасын кешіктірсең, құбырды қиып кетеді.

Айна Сексенбаева, «Алматыгазсервисхолдинг» АҚ президенті:  

- Бүкіл ауылда қазір осындай жағдай орын алуда. Себебі, қатты аяздан газдың көлемі мен қысымы өте төмен.  

Ал, бұл енді газ емес, көмірдің жоғын айтып, шағымданған шамалғандықтардың жанайқайы. Бұл ауылда екі аптадан бері қатты отын жоқ. Мұнда да сол жағдай, жергілікті басқару орындары ештеңеден бейхабар. Сол баяғы «Қыстың қамын жаз ойламаған тұрғындар кінәлі», деп отыр.

Көмір базаларына көмір түседі. Бірақ, оны делдалдар алдын ала жоспарлы түрде алып, екі есе қымбат бағамен сатады. Демек, алыпсатарлардың саудасы қызып тұр. Онда да қатты отынға тек танысы барлардың қолы жетеді. Ал, біз барған соң аудандық атқарушы биліктегілер кінәліні іздеудің орнына, бар мәселені аязымен әлек салған кәрі құдаң қысқа артып отыр.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу