Коммуналдық қызмет пен азық-түлік бағасының қымбаттығы қос өкпені қысқан тұста Шымкент қаласында тағы да балабақшаның төлемақысы өсіп кетті. Шаһар аумағындағы балабақшаларда айлық төлем бас-аяғы бес жылдың ішінде осымен үшінші рет көтеріліп отыр. Бұған дейін ата-ана 3 жастан асқан баласы үшін ай сайын 8 мың 370 теңге төлесе, енді 11 мың 614 теңге төлейтін болды. Яғни, төлемақы бірден 3 мың 244 теңгеге көтерілген. Ал, үш жасқа дейінгі балалар үшін айына енді 9 мың 600 теңге төлеуге тура келеді.
Шымкент қаласы әкімдігінің уәжі бойынша мұндай өзгеріске аймақта азық-түлік бағасының өсіп кетуі себеп. Соның салдарынан балаларды белгіленген нормаға сай тамақтандыру мүмкін болмай барады. Сондай-ақ, балабақшаға тамақ жеткізіп беру қызметін тендерде жеңіп алған кәсіпкерлер де осыны айтып шағымданған. Осылайша, статистика басқармасының мәліметтеріне сүйенген қалалық білім бөлімі кәсіпкерлер палатасының бұл ұсынысын құптап отыр. Естеріңізге сала кетсек, Шымкент қаласында балабақша төлемақысы бұдан бұрын 2015 жылы көтерілген болатын.
Қарлығаш Айтбекова, Шымкент қалалық білім бөлімінің бас есепшісі:
- Айта кету керек, балабақша төлемақысы айға шақталған көрсеткіш емес, әр баланың балабақшаға барған күніне сәйкес төленеді. Бұл жерде біздің көздеп отырған басты нәрсеміз - балалардың нормаға сай сапалы тамақтануы. Ресми дерек бойынша, 2015-2017 жылдар аралығында облыста азық-түлік бағасы 20-25 пайызға өскен. Балабақша ақысы да соған сай көтеріліп отыр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ