Ұлттық қолөнерді өнеге еткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық қолөнерді өнеге еткен

17.03.2014
Ұлттық қолөнерді өнеге еткен

Шығыс Қазақстан өңірінде ұлттық қолөнер өркендеп келеді. Қос шебер осы бағыттағы бизнес жобаларын бірге жүзеге асырып, киізден түрлі кәдесыйлар жасап жүр.

 
Қазір шеберліктерін шыңдап, өнім түрлерін көбейткен.  2017 жылы өтетін EXPO көрмесіне қатысу да жоспарларында бар.
 
Аяжан Қайырханқызы мен Нұрбану Бұралбайқызы қазақтың қолөнеріне бұрыннан жақын. Былтыр екеуі бірігіп, ұлттық нақыштағы кәдесыйлар жасаумен айналысатын компания құрыпты.
 
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2 миллион 400 мың теңге грантқа ие болған. Қазір 10-ға жуық адамды жұмысқа алып, қазақы үлгідегі түрлі бұйымдарды жасап жатыр. Алдағы мақсаттары да айқын.
 
Аяжан Қайырханқызы, кәсіпкер:
EXPO-2017 көрмесіне қатысу үшін жұмыс істеп жатырмыз.
 
Арулар  жасаған өнімнің ішінде естелік ретінде тарту етілетін ұлттық нақыштағы бұйымдар көп. Ерекше дизайнмен шығарылған аяқ киімдер де көздің жауын алады. Қандай өнім болса да, таза қой жүнінен жасалған. 
 
Берік Көшербаев, тілші:
Бұл жердегі шеберлер түрлі киім үлгілерін тігуді де жақсы меңгеріп алған. Мысалы, қыз балаларға көктем мен күз айларында киюге арналған мына қызыл пальтоны мамандар таза киізден жасапты. Бұл үшін 1 ай уақыт жұмсаған. Экслюзивті өнім.
 
Аяжан мен Нұрбану қолөнердің қыр-сырын игеруге ниеттенген қала тұрғындарына шеберлік сыныбын да өткізіп тұрады. Киізден түрлі бұйымдар жасауды үйрету арқылы өзгелерге қазақтың салт-дәстүрін, тарихы мен мәдениетін дәріптейді.  
 
Нұрбану Бұралбайқызы, қолөнер шебері:
Заманауи киімдерді ұлттық нақышта тігетін  болсақ, сөйлеспей-ақ, алыстан көріп, қазақ екеніңді таниды. Осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз.
 
Өскемен қаласының атқарушы билік өкілдері қос аруға қолдан келген көмегін көрсетіп отыр. Облыстағы сауда үйлерінің бірінен арнайы орын берген.
 
Аяжан Қайырханқызы, кәсіпкер:
Өнімімізді қойып, көрме ұйымдастырып, сатып жатырмыз.
 
Кәдесыйларды жасау үшін шеберлерге қаладағы көпқабатты үйлердің жертөлесінен де бір бұрыш бұйырыпты.
Алайда, өндірісі өркендеп келе жатқан аруларға бұл орын тарлық ететін көрінеді.
 
Дегенмен, бұл жайт қыздардың талпынысын төмендеткен емес. Олар қандай жағдайда болмасын, өз істерін ілгерлетіп, EXPO 2017 көрмесіне қатысуға мықтап бел буып отыр.
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу