Экспорттық әлеуеті жоғары кәсіпорын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экспорттық әлеуеті жоғары кәсіпорын

15.03.2014
Экспорттық әлеуеті жоғары кәсіпорын

Бәсеке болмай-сапа болмайды. Бұл Қазақстандық фармацевтикалық компания өкілдерінің пікірі. Мәселен, ел егемендігін алған жылдары ішкі нарықтағы отандық дәрі-дәрмектің үлесі үш пайыз ғана болса, қазір 20 пайыз. Ал, 2015 жылы 50 пайызға дейін көтеріледі, дейді павлодарлық Тұрарбек Рақыш. Ол басқаратын компанияның экспорттық әлеуеті де екі-үш есеге артады.

 
Тұрарбек Рақыш басқаратын фармацевтикалық компания дәрі-дәрмектің 150 түрін шығарады. Мұнда Англия, Германия, Ресей және Индиана штатынан келген мамандар жұмыс істейді. Қазіргі бағыт, күрделі тәжірибелер арқылы, жұқпалы ауруларға, қант диабеті, аяқ сүйегінің қабынуы, қатерлі ісіктерге  шипа болатын дәрілер дайындау.
 
Құнназ Мырзағұлова, ғылыми зерттеу және жаңа технологиялар бойынша компания басшысының орынбасары:
Ресей мемлекетінен Пятигорск фармацевтикалық академиясы бізбен тікелей жұмыс жасап жатыр. АҚШ-тың Индианада штатындағы радиологиялық университетімен тығыз байланыстамыз. Біріккен жобаларымыз бар. Соған сәйкес экспорттық сұранысы жоғары дәрілер жасалады. Солардың бірі риклокаин. Бұл морфийді алмастырады. Биорезонансты және нанотехнологияларды пайдаланамыз.
 
Павлодарда шығарылатын түберкүлезге қарсы қолданылатын дәрілер Отандық медицинаға жаңа серпін берді. Әсіресе, жас балалар қабылдайтын дәрілердің бауырға және қанға аса зияны жоқ. Ауруды жұқтыру дерегі 26 пайызға азайды. Сондықтан, шетелдерден дәрі-дәрмекке сұраныс көбейді.
 
Тұрарбек Рақыш, «Ромат» фармацевтикалық компаниясының президенті:
Қазір 20 пайыз шығарып жатырмыз. Көбіне біздің мемлекеттен асып түспейді. 10 пайызын Ресейге экспорттаймыз. Бірақ, ол аз. Келешекте жаңа зауыттар салынғанда біздің бағдарламамыз бойынша 30 пайызын экспортқа шығаратынымызға көзіміз жетіп отыр.
 
Экспорттық әлеуеті жоғары компания мемлекеттен қолдау тапты. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша биылғы жылы екі бірдей зауыт құрылысы басталды. Павлодардағы фармацевтикалық компания 2015 жылы импорттық дәрі-дәрмектің 50 пайызын ішкі нарықтан ығыстырып шығаруды межелеп отыр.
 
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу