Өскеменде көмірге ұзын-сонар кезек қалыптасқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде көмірге ұзын-сонар кезек қалыптасқан

26.01.2018

Өскеменде таңсәріден қатты отынға ұзын-сонар кезек. Қаладағы екі ірі көмір қоймасында да осындай жағдай. Кезектегілердің айтуынша, бір көлікке 3 тоннадан артық берілмейді. Шаһарда көмірдің бір тоннасы - 8050 теңге. Облыс орталығына Семейден 135 шақырым жерде орналасқан Қаражыра көмір кенішінен жеткізіледі. Жергілікті билік өкілдері болса, қатты отын бойынша қазір ешқандай қиыншылық жоқ, ал, қалың кезекте тұрғандар «негізінен алыпсатарлар», дейді. 

Сатыбалды Дүтбаев, көлік жүргізушісі:

- Көмір жоқтың қасы. Келіп жатқан жоқ. Таңертең ерте келеміз. Кешке дейін осы жерде жүреміз. Міне, 30-35 градус аяз болып тұр. 3 тоннадай береді. Алмаған кісілер көп, осы жерде жүгіріп жүреді бәрі.

Ержан Қоңырбаев, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:

- Көліктер аудандардан келеді. Олар бұл жерде 7-8 мыңға сатып алып, үстінен баға қосады да, ол жақта қымбатқа сатады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, олар осылайша, бизнес құрады. Өскемен бойынша көмірмен қамтамасыз ету мәселесі өткен жылда шешіліп қойған.  

Көмірді алыпсатарларға қатысты Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев те өз ойын білдірді. Оның сөзінше, бүгінде тас қосылған көмірдің сатылуы жиілеп кеткен. «Яғни, оның сапасы мен бағасын өзгертетін де сол алыпсатарлар», - дейді ол. Министрлік болса, бұл жағдайды бақылай алмай отыр. Сондықтан, Бақытжан Жақсалиев Шығыс Қазақстан облысы әкімдігін көмірдің сапасын бақылауға шақырды. 

Бақытжан Жақсалиев, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Тұтынушылар Шұбаркөл көмірі деп сатып алып, соған сәйкес ақша төлеп жатады. Алайда, соңында сапасы төмен көмір болып шығады. Жағдайды бақылау өте қиын. Себебі, трейдерлер нарықты жаулап алған. Мәселені жергілікті атқарушы органдар ғана шеше алады.

Хабарламаларға жазылу