Экологиялық төлемдер мақсатсыз жұмсалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экологиялық төлемдер мақсатсыз жұмсалған

26.01.2018

Теміртауда кәсіпорындардан түскен экологиялық төлемдер мен айыппұлдардың тек 0,70 пайызы өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін жұмсалады. Сол сияқты Қостанай облысында түсімнің 3 пайызы, Павлодар облысында 3,2 пайызы ғана осы мақсатқа көзделген. Қалған қаржыны өңірлік әкімдіктер қажетті бағытта жұмсамай отыр. Бұл туралы бүгін Тау-кен өндірісі мен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы атқарушы директоры Николай Радостовец айтты. Оның ойынша, бұл мәселені шешу үшін экологиялық түсімдерді кәсіпорындарға қалдыру керек. Яғни, аталған қаражатқа қоғамдық бақылау орнатылғаны дұрыс. Естеріңізге салсақ, Теміртауда ауа ластануынан қар қара түске боялып, атмосферадағы улы заттың мөлшері 77 пайызға жеткен еді. 

Николай Радостовец, Тау-кен өндірісі мен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының атқарушы директоры:

- Қалалардың экологиялық ахуалы жақсарар емес. Сол үшін әкімдіктер ірі кәсіпорындардан қомақты экологиялық төлемдер алады. Оның көлемі ондаған миллиард теңгеге жетеді.  Мәселені шешу үшін Ұлттық экономика министрлігіне сауал жолдап, бөлінген ақшаның орынды жұмсалуын қолдайық. Тым болмағанда, төлемдердің 30 пайызы компаниялардың өздерінде қалу керек деп есептеймін.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу