Жамбыл облысы Қордай ауданындағы 21/450 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген сарбазды іздестіруге әскери бөлімнің жеке құрамы, Гвардейский гарнизоны әскери полициясы бөлімі және жергілікті Ішкі істер органдары жұмылдырылған. Естеріңізге сала кетейік, сарбаз 21-қаңтар күні кешкілік әскери бөлімде болмай шыққан. Қаңтардың 23-күні Атыраудан Отарға жеткен Жанболаттың ағасы мен жездесі «қазір іздестіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр», дейді. 19 жасқа қараған сарбаз Атырау облысы Индер ауданы Еcбол ауылынан шақыртылған.
Нұрлан Қауысқалиев, Жанболат Бозбановтың жездесі:
- Бүгінгі күнде әскери бөлімшеге қарасты жатын орындарын, жертөлелерді қарап шықтық. Тоғыз іздестіру бөлімі жұмыс істеп жатыр. Әзірге ешқандай жаңалық жоқ. Бұл жерде ешкімнің Жанболаттың әскери бөлімшені өзі тастап кетті дейтін дәлелі жоқ.
Бауыржан Балықбаев, ҚР Қарулы күштері Әскери полициясы бас басқармасы бастығының орынбасары:
- Сарбаз өз бетінше бөлім аумағынан кетіп қалған. Іздестіру шаралары жүріп жатыр. Іздестіру жалғасуда.
Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ