Жұртшылық көп ұзамай көгілдір отынның игілігін көреді. Сондай-ақ, аймақта құрылыс қарқынды. Биыл мектеп, балабақша мен бірнеше тұрғын үй пайданалуға берілмек.
Аудан орталығы Жосалы кентінде былтыр 300 орындық мектеп құрылысы басталды. Себебі, бала саны көбейіп, білім ошақтарының сыйымдылығын кеңейту қажеттілігі туындады.
Асқар Медетов, Қармақшы ауданының тұрғыны:
- Биыл мамыр айында бітеді деп жатыр. Былтыр ауданда 90 орындық екі балабақша салынды. Қазір балалар жылы жерде тәрбиеленуде.
Ауданда шешілмей тұрған тағы бір түйткіл-балалардың жазғы лагері еді. Ол да биыл салынып бітеді. Бұл мәселе былтыр аудан әкімінің есебінде көтерілген. Бір жылдың ішінде шешілді. Сол жиында айтылған үлкен проблеманың бірі - таза су тапшылығы. Ұзақ жылдар бойы сапалы суға зәру болған жұртшылық суды тасып ішу машақатынан құтылды.
Мейрамбек Бөгенбаев, Жосалы кентінің тұрғыны:
- Талай Сырдариядан иін ағашпен су таситынбыз. Флягтарымызды арқалап, су іздеп жүретін едік. Үйге су кіріп, жақсы болды.
Қазір ауданды газдандыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның алғашқы кезеңі үшін бюджеттен 555 миллион теңге бөлінген. Оған автономды газ тарату бекеті салынып, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырынан Жосалы кентіне дейін 15 шақырым жоғары қысымды бұрма құбыр жүргізілді.
Сұлтан Мақашов, Қармақшы ауданының әкімі:
- Әрі қарай екінші жоба бар, Жосалы кентінің ішінің тұрғындарына, көшеге тарататын. Ол жоба бойынша да республикалық бюджетте 3 жылдық жоспар негізінде қаралды. Алдағы екі жылдың ішінде Жосалы кентінің тұрғындары бұл жақсылықты көреді деп отырмыз.
Халық қажеттілігінің барлығы бірте-бірте орындалып келеді. Сондықтан, қазір есепті жиындарда жұртшылық бұрынғыдай ауызсу, жол, жарықтан гөрі ұялы байланыспен қамтамасыз ету, интернеттің жылдамдығын арттыру мәселелерін көтереді. Бұл- төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқан елдің жетістігі.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ