Қаңтардың қытымыр аязы қитыққа тигенімен, халықтың көңілі жайлы. Өйткені, жас шаһарда сүрінгенде сүйеу, қиналғанда қолдау танытар жаны жомарт жандар көп. Мәселен, Астана мешіттері бастаған «мейірімді қала» акциясы соның дәлелі. Қайырымдылық шарасы қарсаңында тегін тамақ беріліп, ақысыз жеткізетін көліктер қызмет ете бастады. Ал, мұқтаж отбасылардың әрқайсысына 2 тоннадан көмір таратылды.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
- Дәл қазір ауа темпиратурасы -32 градусты көрсетіп тұр. Ауа райы қанша құбылғанымен, күнкөріс қызметі тоқтап қалмайды. Мұндай үскірік аяз кеңсе қызметкерлеріне сезілмеуі де мүмкін. Бірақ, далада жүріп нәпақасын тапқандардың жанына қатты батады. Мінекей, осыны ескерген мешіт қызметкерлері ыстық тағам, тәтті шай таратып, игі бастаманы қолға алып жатыр.
Күн суық болғанымен, адамдар «аяушылық» деген асыл қасиетті ұмытқан жоқ. Кешелі-бері Астанадағы мешіт қызметкерлері көше тазалаушылар мен құрылысшыларға тегін тамақ үлестіруде. Ал, бүгін базар маңында жалдамалы жұмыс істейтін 200-ге жуық азамат түскі аспен ауқаттанды.
Батырбек Қожабаев, жұмысшы:
- Таңертеңнен бері осында тұрмыз жұмыс іздеп. Қаншама адам бар. Мешіттен халқымыз келіп, тамақ таратып жатқанына қуаныштымын. Құдай үйлеріңізге бақ-береке берсін.
Сықырлақ сары аязда әсіресе, жер үйлердің жылу тақырыбы түйткілді. Қайырымдылар тобы мұқтаж отбасылардың бұл мәселесін ескеріп, тұрмысы төмен жанұяларға көмір түсіріп берді.
Ілияс Отаров, «Нұр Астана» мешітінің ұстазы:
- Отбасыға көмір түсіріп беру жоспарда бар. Бәлкім, мейірімді кісілер атсалысып жататын болса, мұны көбейтетін боламыз алдағы уақытта. Бұл акция кешеден басталды. Суық бәсеңдегенге дейін жалғасады.
Мешіттің тағы бір бастамасы – тегін такси қызметі. Алғашында бұған сенбеген тұрғындар да болыпты. Бірақ, белгісі бар көліктен, еш қорықпауға болады. Қазір қалада осындай 30-ға жуық автокөлік жүр. Арасында Бауыржан Сихимов сияқты өз еркімен қатарға қосылғандар бар.
Бауыржан Сихимов, қала тұрғыны:
- Таңғы алтыдан басталады. Содан арасында үзіліспен түнгі сағат екіге дейін. Тек қана өзімізден мейірім емес, сол кісілердің мейірімін туғызу шарасы бұл. Тек мешіт қызметкерлерінің ғана емес, әрбір жүргізуші, әрбір адамның қолынан келетін іс.
Қаңтар айы басталғалы ауа райы түрліше құбылып тұр. Дегенмен, қуантарлығы тұрғын үйлер арасында коммуналдық проблема туындаған жоқ. Мәселен, Әбдікәрімовтер отбасы пәтерді былтыр мемлекеттік бағдарлама арқылы алған. Қатты боран соғып, ызғарлы аяз тұрса да, баспананың бабы жақсы.
Мадияр Әбдікәрім, қала тұрғыны:
- Бұл үйді алғанда қорқыныш сезім болған. Суық болады ма деп. Шүкір. Үй жылы. Өзімнің үш балам бар. Коммуналдық проблема болған жоқ.
Өз еркімен халыққа қолдау танытып жатқандар да жоқ емес. Бірі терезеге жазу жазса, енді бірі халықты ақысыз жеткізуде. Аязды ауа райы апта соңына дейін жалғаспақ. Сондықтан, мейірімділер керуенінің көшіне ілесіп, шарапатты шараға үлес қосуға кез келгеннің мүмкіндігі бар.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ