Ғаламтордағы алаяқтық дендеп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғаламтордағы алаяқтық дендеп барады

23.01.2018

Енді тауарды сатып алу емес, сатудың өзі қауіпті.  Алдаудың тың тәсіліне көшкен айлакерлер интернет-хабарламаға тауарларын қойған адамдарға тыныштық берер емес. «Аламыз, жеке есебіңе ақша аударамыз», дейді де, керісінше есеп картасындағы бұрыннан бар ақшаны өздеріне аударып алады. Өткен жылғы статистикаға сәйкес, алаяқтықтың бұл түрі еліміздегі жалпы қылмыстың 9 пайызын құрап отыр.

Айдын есімді азамат екі ай бұрын бейнекамерасын сатуға қойған. Қызығушылық танытқандар көп болғанымен, нақты тұтынушысы табылмаған. Кенеттен алдын ала ақша жібергісі келетін жомарт алушы пайда болыпты. 

Айдын Тонтайтегі, қала тұрғыны:

 - Жеке бас мәліметтерін сұрай бастады. Сосын ой туындады. Кейіннен картаға шабуыл жасалғаны анықталды. Ішінде ақша болмай, ешқандай зардап шеккен жоқпыз.

Оңай олжа тапқысы келетіндердің айласы сан алуан. Сатып аламын, сатамын деп те алдайды. Тіпті, жеке куәлік нөмірі арқылы онлайн несие рәсімдеп алғандары да бар екен. Әлеуметтік желідегі жазбалар - соның дәлелі.

Ғабит Сақтағанов,  ҚР Ішкі істер министрлігі Криминал полиция департаменті Мүліктік қылмыстарды ашу басқармасының аға жедел уәкілі:

- Интернет-банкинг, «krisha.kz», «OLX» бойынша қылмыстар ірі қалаларда Алматы, Астана, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында орын алып отыр. Мұндай алаяқтық түрлерін болдырмас үшін біздер 5000-нан астам әлеуметтік желіге осы алдаудың тәсілдері жайлы ақпарат жібердік.

Банк қызметкерлерінің айтуынша, мұндай айлакерлер адамның аңғалдығын пайдаланады. Егер ол есеп картасындағы мәліметтерді біліп алса, интернет-банкинг арқылы ақша аудару процесі өте оңай. 

Зарина Қыпшақбаева, банк қызметкері:

- Егер картаның нөмірін, жарамдылық мерзімін, ақ жолақтағы CVV-кодты білсе, оңай аударып алады. Егер алданып қалған жағдайда картаның иесі банкке телефон шалып, банк қызметкерлерінің көмегіне жүгінуі керек. Екіншіден, картаны бұғаттау қажет.

Виртуалды әлемді қолшоқпарына айналдырған алаяқтар шетелде жүріп те хабарласуы мүмкін. Олардың болмысы бөлек. Алдымен сенімге кіреді. Сыпайы сөйлеседі. Әзірге,  интернетті игі мақсатқа емес, арам айласы үшін пайдаланып жүргендердің нақты санын ешкім дөп басып айта алмайды. Ал, қылмысы әшкереленген жағдайда күдікті 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу