2017 жылы рекордтық көрсеткіште пәтер салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2017 жылы рекордтық көрсеткіште пәтер салынды

23.01.2018

Өткен жылы елімізде рекордтық көрсеткіште пәтер салынды. «Нұрлы жер» бағдарламасының алғашқы жылын қорытындылаған Үкімет осындай есепті жариялады. Жалпы ауданы 11 млн. 200 мың шаршы метрге тең тұрғын үй салынған. Бұдан бөлек, дәл осы бағдарлама аясында 70 мыңнан астам жер учаскесі берілген. Яғни, «Нұрлы жер» бағдарламасы жоспардан жоғары орындалып тұр. Дегенмен, тиісті міндеттерді атқара алмай отырған облыстар да бар.

Соңғы жылдары еліміздегі құрылыстың қарқыны жоғары. Көпқабатты жаңа үйлер барлық аймақта салынуда. Бұл - былтыр жарияланған «Нұрлы жер» бағдарламасының жемісі. Өткен жылы тұрғын үй құрылысын жүргізуге 979,8 млрд.теңге инвестиция бөлінген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 18 пайызға жоғары. Нәтижесінде 100 мың 800 пәтер пайдалануға берілді.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- 11 млн. 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ол өткен жылғы деңгейден 6,2 пайызға артық. Жылдың жоспарына орай іске қосылған тұрғын үй 111 пайызға орындалды.

Тіпті, кей облыстар жоспарды артығымен орындаған. Әсіресе, Ақтөбе, БҚО, ОҚО, Қостанай, Павлодар облысында тұрғын үй құрылысы 30 пайызға жоғары. Мемлекет «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы үйді салуға ғана емес, оған қажетті инфрақұрылымды жүргізуге де қаражат бөліп отыр. Өкініштісі, дәл осы салада кей өңірлер қаржыны мүлдем игермеген. Олар: Ақмола, Қарағанды, Павлодар облысы. Тіпті, биылғы жылдың бюджетіне жоспар енгізбегендері де бар. 

Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі:

- Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар сараптамада жатыр. Қаңтар айының соңына дейін енгізуді жоспарлап отырмыз.

 «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй салуға жер учаскесін беру бойынша да нәтиже жоғары. Мысалы, өткен жылы 70 мыңнан астам тұрғын жеке үйін алуға жер алған. Бірақ, мұндай мүмкіндіктен тек екі қаланың халқы шет қалады.

Мархабат Жайымбетов, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы:

- Астана мен Алматы қалалары бойынша жеке тұрғын үйге жер беруге мүмкіншілік жоқ. Бас жоспарда қаралмаған. Ал, басқа өңірлерде барлық жерде беріледі.

Баспанаға қол жеткізу бойынша қазір «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларға барынша ыңғайлы жағдай жасауда. Мәселен, 2017 жылы 10 829 пәтердің келісімшарты дәл осы банк арқылы жүргізілген.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу