Атырау бекіре балық өсіру зауыты 20 жылдан бері жабдықталмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау бекіре балық өсіру зауыты 20 жылдан бері жабдықталмаған

23.01.2018

Қазақстанның брендіне айналған бекіре балығын өндіретін кәсіпорынның техникалық жағдайы нашар. Көк айдынға жылына 3 миллион 500 мың шабақ жіберетін Атырау бекіре балық өсіру зауыты жаңа қондырғыларға зәру. Өндіріс ошағындағы жабдықтардың тозығы жеткенімен, мемлекеттік тапсырыс 100 пайызға орындалып келеді. Сапаны сақтауда аянбай еңбек етіп жатқан балықшылардың жалақысы да мардымсыз.

Зауытта су маржандарына жасалған жағдай көңіл көншітпейді. Жарамдылық мерзімі өтіп, тозығы жеткен сүзгілер мен тоғандар еңбек өнімділігін арттыруға кедергі.  20 жылдан бері жабдықтың бірде-бірі жаңартылмаған.

Гүлшат Шайдуллина, Атырау бекіре балық өсіру зауытының  цех меңгерушісі:

- Бізде зауыт жаңарған жоқ. Жаңа сорғылар қондыру керек.

Кәсіпорынға білікті маман тарту ісінен де береке кеткен. Өйткені, балық өсірушілердің айлығы бар-жоғы 40-ақ мың теңге. Бірақ, жалақының мардымсыздығына қарамастан 78 адам адал еңбек етуде.

Алма Наурызбекова, балық өсіруші:

- Бойларын өлшеп, салмағын қарап, суға температурасын қарап жібереміз. Жағдайлары жақсы болса, өсу бағытын қадағалап қараймыз.      

Түйткілді мәселені әлбетте мемлекет қолдауынсыз шешу мүмкін емес. Жергілікті атқарушы билік өкілдері болса, зауыттағы жабдықтарды жаңарту үшін қаржы республикалық бюджеттен қарастырылуы керек деп отыр.

Ерболат Кадимов, Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары: 

- Мәселені шешу үшін Ауыл шаруашылық министрлігіне Атырау облысының тарапынан әкімнің қолымен хат жіберілді. Техникалық негіздеме жасалуы керек.

Мәселе оң шешімін тапса, зауыт қызметкерлері шабақ қорын молайтып, рекордтық көрсеткішке жетуге ынталы. 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу