Алматы облысының Сарқан ауданында су қоймасы салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Сарқан ауданында су қоймасы салынады

22.01.2018

Алматы облысының Сарқан ауданына көлемі 80 млн. текше метр болатын су қоймасы салынады. Бұл туралы аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков қоғамдық кеңес алдындағы есебінде баяндады. Жасанды көл екі ауданның 17 мың гектар алқабын суаруға мүмкіндік береді. Биыл ауданға 5 млрд. 300 млн. теңгенің инвестициясы тартылмақ. Қоғамдық кеңес алдында әкім күрмеулі мәселелердің де шешімін табу жолдарын қарастырып жатқанын мәлімдеді. 36 ауылдың 12 елді мекені сапалы ауызсуға зәру. Бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі деп сенім білдірді. Ал, қоғамдық кеңес мүшелері әкім уәделерінің орындалуын қадағалайды. 

Сәдуақас Садықов, Сарқан аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

- Халық арасында шешілмей жатқан мәселелерге араласып, аудан әкімшілігіне осыны ретке келтірудің жөн-жобасы жөнінде кеңес айтып, ақылдасып отырады. Сондықтан, қоғамдық кеңес пен аудан әкімшілігі арасында тұрақты жұмыс бар деп ойлаймын. 

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу