Шілде айынан бастап 14 мың отбасы жаңадан берілетін әлеуметтік жәрдемақыға қол жеткізбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шілде айынан бастап 14 мың отбасы жаңадан берілетін әлеуметтік жәрдемақыға қол жеткізбек

19.01.2018

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында кәмелетке толған және бала кезінен бірінші топтағы кембағал жандарды бағып отырған ата-аналар үшін қаржылай қолдау көрсетуді тапсырды. Шығыс Қазақстанда мүгедек жандарды бағып-күтіп отырған осындай 1306 отбасы бар. Жергілікті билік қазір мұқтаж жандарға берілетін қаржы көлемін есептеп жатыр.

Гүлмира Абдығалиева  қызы  Жансаяның күтімімен үйде отыр. Бауыр еті баласы сәби кезінен сал ауруымен аурады. Бірінші топтағы мүгедектігі бар қыз баланың жүріп-тұруы қиын. «Сондықтан, мемлекеттен берілетін қандайда бір көмек бізге үлкен қолдау», - дейді Гүлмира.  

Гүлмира Абдығалиева, Жансаяның анасы:

- Қызыма 18 жасына дейін мүгедектік жәрдемақысын алып отырғанмын. Енді Елбасы ата-аналарға да жәрдемақы төленсін деді. Бұл жәрдемақы ата-аналарға  қолдау, көмек.

Бұған дейін елімізде кембағал жандарды  бағып отырған ата-ана үшін жәрдемақы берілген емес. Тек 18 жасқа дейінгі мүгедек балалары бар отбасылар ғана мұндай материалдық қолдауға ие болып келді. Облыс бойынша олардың саны төрт жарым мыңнан асады. Ал, жаңа жәрдемақыны республикада шамамен 14 мың отбасы алса, олардың тоғыз пайызы Шығыс Қазақстанға тиесілі болмақ.  

Марина Шаронова, Еңбек, әлеуметтік даму және көші-қон комитетінің облыс бойынша департамент басшысының орынбасары:

- Елбасының Жолдауда айтқанын ескере отырып, тағайындалатын сома төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмайды. Ол көрсеткіш бүгінгі күні 28 284 теңге. Шығыс Қазақстан облысы бойынша бала кезінен бері бірінші топтағы мүгедектер саны қазір 1306 адам болса, шамамен жылына 30 млн-нан аса теңге қажет болмақ. 

Зарина Ұлықбек, тілші:

- Шілде айынан бастап жаңа жәрдемақы мүгедек баласы бар, жұмыс істейтін ата-аналарға да беріледі. Яғни, материалдық көмекке жастайынан бірінші топтағы мүгедек атанған жанға күтім жасап отырған барлық отбасы бірдей қол жеткізе алады. Тек биылдың өзінде осы мақсатқа 3 млрд. теңге қаржы бөлінбек.

Зарина ҰЛЫҚБЕК 

Хабарламаларға жазылу