Көлігіңіз ұрланды ма? Демек, сіз сол күннен бастап табылған уақытқа дейін салық төлемейсіз. Ал, пәтеріңіз сатылса, салықты бұрынғы және қазіргі иесі бөліп төлеуге болады. Сондай-ақ, тұрғылықты жерге тіркелу үшін енді мемлекеттік баж төлеудің қажеті жоқ. Салық кодексіндегі осы және өзге де түзетулер мен өзгерістер туралы бүгін Ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі Руслан Дәленов мәлімдеді. Министрлік өкілдерінің айтуынша, 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа кодекс салық жүктемелерін төмендетіп, жеңілдіктерді қарастырған. Мәселен, мүгедек баланың ата-анасы бірқатар салықтан босатылады. Электронды сауда жасайтындар табыс салығын төлемеуге болады. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп саласы, жер қойнауын пайдалану, қаржы саласы, инвестициялық жобалар, әкімшілендіру және бизнеске ынталандыру бағытындағы салық өзгерістерінің де артықшылықтары бар.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі:
- 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнес үшін талап қою мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқарады. Бұрындары салық мекемелері оларды 5 жыл бойы қатарынан тексере беретін. Енді үш жылдан кейін кәсіпкерге тиісуге ешкімнің құқығы жоқ. Бұл елімізде кәсіпкерлікті дамыту үшін және олардың жұмыстары тезірек алға басуы үшін енгізіліп отыр.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ