2017 жылы Алматы облысындағы Алтынкөл станциясы арқылы 1,5 млн тонна жүк өтті. Қытайдан келген жүк пойызы 4 сағатқа жуық уақытта қабылданып, барлық құжаттары рәсімделеді. Дегенмен, кеден қызметінде әлі де қағазбастылық көп. Қазақстан-Қытай шекарасына іссапармен барған Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев жүк қозғалысының кедергісіз өтуі үшін сандық жүйеге көшуді жеделдету қажеттілігін айтты. Бұл мәселе Елбасының биылғы Жолдауында да атап өтілген болатын. Вице-премьер, сондай-ақ, Қорғас халықаралық шекарамаңы ынтымақтастық орталығында болып, бірқатар кемшіліктерді түзетуді тапсырды. Мәселен, орталықтағы адам тасымалдайтын автобустар көбіне жүк тасиды. Асқар Жұмағалиев сала мамандарына олқылықты жылдам жойып, оң шешімін табуды міндеттеді.
Қаһарман Жазин, «Қорғас» ХШЫО АҚ президенті:
- Автобустар бойынша бұл бұрыннан келе жатқан мәселе. Орталықтан өтетін халық жүкті шамадан тыс асырып жібереді. Бұл өзге туристерге қолайсыздық туғызады. Біз Мемлекеттік кірістер комитетімен ақылдаса отырып бұл мәселені көктемге дейін шешуге тырысамыз.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ