Нұрсұлтан Назарбаевтың Америкаға сапары халықаралық ақпарат агенттіктері мен газеттердің де назарынан тыс қалған жоқ. Мәселен, «Ассошиэйт пресс» бір мақаласын Трамп пен Қазақстан басшысы арасындағы қауіпсіздік жөніндегі келіссөздерге арнапты. Ол - Солтүстік Кореядан төнген ядролық қауіп жайында.
Ал, Түркияның «Анадолы» агенттігінің хабарлауынша, бұл кездесуде ядролық проблемалармен бірге АҚШ-Қазақстан экономикалық қатынастары да талқыланды.
Азия-Тынық мұхит аймағындағы геосаяси мәселелерге қалам тартып жүрген вашингтондық «Дипломат» басылымы да бұл сапарға ерекше көңіл бөлген. Оның мәліметінше, екі президент саясатты, қауіпсіздікті, сауданы қамтитын кең стратегиялық серіктестік тақырыбын қозғады.
Ал, Ресейдің «ТАСС» агенттігінің ақпаратына жүгінсек, Қазақстан америкалық компаниялардан 2,5 миллиард доллардың өнімдерін сатып алып, АҚШ-пен Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында ынтымақтасуға келісіп отыр.
Арыстан РЫСБЕК