Шағын шаруашылықтарға мемлекеттің қолдауы қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шағын шаруашылықтарға мемлекеттің қолдауы қажет

14.03.2014
Шағын шаруашылықтарға мемлекеттің қолдауы қажет

Ауылдың дамуының басты кепілі - жерге иелік еткен шаруашылықтың мығым болуы. Өкінішке қарай, соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы бірқатар инвестор компаниялар дағдарысқа ұшырап, агроқұрылымдар тоқырап қалды.

 
Тіптен, соның салдарынан былтыр бірнеше агроқұрылым орақ науқанын уақтылы аяқтай алмады.
 
Елбасының биылғы Жолдауында Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіріп, бұл салаға инвестиция көбірек салынатыны жөнінде айтылуы мұндай тығырықтан шығуға кең жол ашпақшы. 
 
Айымжан - Солтүстік Қазақстандағы іргелі ауылдардың бірі. Өздеріне тиесілі 7 мың гектардан астам егістік алқап бар. Бірақ, елді мекеннің шаруашылығы шатқаяқтап қалды. Себеп - инвестор компанияның дағдарысқа ұшырауы.
 
Шоқан Құданов Жамбыл ауданының прокуроры:
Былтырғы жылы шаруашылықтың 5 миллион теңгеден астам  жалақы бойынша қарызы болды. Біздің жүргізген жұмыстарымыздан кейін екі күн ішінде төленді. Бұл орайда жұмысшылардың өздерінің салғырттығынан болады. Уақытында ізденбейді, 4-5 ай күтіп жүріп қалады.
 
Бірақ, ел азаматтары қарап қалған жоқ. Биылғы жылы өздерінше әрекет етіп, егін себу жұмыстарына кіріспек. Қазіргі күні қажетті жұмыстар жүргізіліп те жатыр.
 
Нұрлан Райымбеков, шаруашылықтың бас агрономы:
Тұқым салып қойдық. Ойымыз, биыл ел болып егін себу. Жеріміз көп емес. 6 мың гектарға жуық жердің 4 мың гектарына егін ексек, деген жоспарымыз бар.
 
Айымжан кезінде шаруашылығы шалқыған, тұрмысы түлеген, абройы асқақтаған ауылдардың бірі болған. Сонау бір жылдары мыңғырған мал өргізіп атақ-даңқы шетел асып кеткені де шындық. Ел азаматтары да шеттерінен ұйымшыл. Сондықтан, ауылдың қайта түлеп, аяғына нық тұрып кететіне жұрттың сенімі мол.
 
Жахила Жолмұқанов, Айымжан ауылының тұрғыны: 
Басшы дұрыс болса, Айымжан ауылы әлі көркейеді. Қол үзбей, бұрынғы қалпына келтіру керек.
 
Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында  «Фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануы тиіс», деп атап көрсетті.
Сондықтан, шағын шаруашылықтардың құлдырап кетпей, көтерілуіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі тиіс, дейді мамандар.
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу