Алимент төлемей жауапкершіліктен қашқандар жүргізуші куәлігінен айырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алимент төлемей жауапкершіліктен қашқандар жүргізуші куәлігінен айырылады

16.01.2018

Бүгін Астанада «Борышкер-2018» жедел іс-шарасы бастау алды. Басты мақсат - әкімшілік құқықбұзушылық жасап, айыппұлдан жалтарып жүрген борышкерлерден қажетті айыппұлды өндіріп алу. Тіпті, қажет болса, автокөлігі айып тұрағына қамалады. Сондықтан, іс-шараға Жол-патрульдік полициясымен бірге прокуратура өкілдері және жеке сот орындаушылары да жұмылған. Астана қаласы Ішкі істер департаментінің мәліметтеріне қарағанда, 2017 жылы әкімшілік құқықты бұзғандарға 2 миллиард 966 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бүгінге дейін оның 58 пайызы өндірілді. Әлі 1 миллиард теңге көлеміндегі айыппұл өтелмеген. Енді қарызы бар азаматты анықтау үшін тәртіп сақшылары жаңа технологияның көмегіне жүгінеді. Бүгінде шаһардағы 268 жол полициясының қолына орталық жүйеге қосылған планшет берілген.

Дархан Ташмұхамбетов, қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары:

- Жол-патрульдік полициясының қолына орталық жүйеге қосылған планшеттер берілген. Соның көмегімен олар көшедегі «Сергек» камераларына қосылып, қарызы бар немесе ұрланған автокөліктерді анықтап, тиісті шараларды қабылдайды. Оған сот орындаушылары да қатысады. Егер жүргізушінің көлігіне тыйым салынған болса, айып тұрағына қамалады. Мамырдың соңына дейін полицейлерді планшетпен 100 пайыз қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.

 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу