Қарағандыда автокөлік аялдамадағы адамдарды қағып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда автокөлік аялдамадағы адамдарды қағып кетті

15.01.2018

Қарағандыда аялдамада тұрған адамдарды автокөлік қағып кетті. Оқиға қаңтардың 13-і күні сағат екілердің шамасында болған. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, 35 жастағы жүргізуші BMW автокөлігімен аялдамаға кіріп кеткен. Сөйтіп, автобус күтіп тұрған адамдарды соққан. Салдарынан сол жерде 71 жастағы жолаушы қайтыс болды. Сондай-ақ, түрлі дене жарақатын алған 69 жастағы әйел Мақажанов атындағы облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазір жағдайы бірқалыпты.

Бақытжан Құдияров, облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:

- Жол-көлік оқиғасына қатысты ҚР ҚК 345-бабы 3-ші тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Алдын ала болжам бойынша, көліктің басқаруына ие бола алмай қалып, көктайғақтан көлікті аялдамаға қарай лақтырып жіберген.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу