Астанада ақтүтек боран - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада ақтүтек боран

11.01.2018

Бүгін Астанада ауа райы күрт өзгеріп, қалада төтенше жағдай жарияланды. Бет қаратпайтын боран соғып, желдің жылдамдығы секундына 30, кей жерлерде 40 метрден асты. Төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік және білім беру мекемелері мен базарлардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Ал жедел жәрдем, өрт сөндірушілер, қалалық Ішкі істер мен Төтенше жағдайлар департаменті күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Тақырыпты тілші тарқатады.

Бүгін Астанада арқадан арқар ауатындай ақтүтек боран. Таңертеңнен бері әбігерге түскен адам. Кешеден бері травмотология орталығына 90 адам барған. Барлығы тайып жығылып, жарақат алғандар. Сондай-ақ, қатты жел агротехникалық университеттің шатырын ұшырып, жарнама тақтайшаларының быт-шытын шығарды. Тіпті, сабақтың тоқтатылғанын білмей мектепке шығып кеткен бір оқушы боранда адасып кетті.

Мәдина Сүлейменова, қалалық Білім басқармасының бөлім басшысы:

Көбесов Марат деген КамАЗ көлігінің жүргізушісі көріп, баланы жолдан алып, үйіне алып келген. Ол Ражапов Руслан. №72 мектептің 2 «ғ» сыныбында оқиды. Бала аман-есен табылып, осы күнде ата-анасына табысталды.

Кеше түннен бері Астананың коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Қаланы қардан тазалауға 1500 техника бірлігі, 2 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Дегенмен, толық тазалап үлгермей жатыр. Оның өзіндік себебі бар.

Мұстақым Байжұмат, жүргізуші:

Азаннан бері қар артқан КамАЗдар жете алмай жатыр. Отвалға төге алмай жатыр. Қайтып келе алмай жатыр. Жолда қалып кетіпті жартысы. Сол КамАЗдарды күтіп тұрмыз.

Қазір жедел жәрдем, өрт сөндірушілер мен құтқару қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Тұрғындармен байланыс тұрақты. Түске дейін, 112 нөміріне 2 мың адам хабарласқан. Боран аздап басылғанымен, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары әлі де сақ болуды ескертеді.

Ринат Смағұлов, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:

Түсіп жатқан қоңыраулардың көбісі жылу желілерінің қатып қалуы, электр жарығының сөнуіне және көліктердің қалың қарда қалып қоюына қатысты болып отыр. Біз тұрғындарға әлі де сақ болуды, жылы киінуді және ұзақ жолға шықпауды ескертеміз.

Астана әкімі Әсет Исекешевтің өзі мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері, кәсіпкерлік және құрылыс нысандарының басшыларына қызметтерін уақытша тоқтатуды ұсынды.

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу