Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Көкшетауға барды. Облыс орталығындағы бірнеше кәсіпорынның жұмысымен танысып, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Сонымен қатар, 55/10 әскери бөлімінің және Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусының ұжымымен кездесті.
«Тыныс» АҚ - Көкшетаудағы ірі кәсіпорындардың бірі. 700-ден астам адам еңбек етеді. Зауыт авиация, өрт сөндіру қызметіне және әскери салаға қажет жабдықтарды және полиэтилен құбырларын шығарады.
Мәжіліс депутатымен кездескен зауыт басшылығы бірқатар мәселелерді көтерді.
Қайрат Қалманбаев, «Тыныс» АҚ бас директоры:
Қазір зауыттың мәселелері - қаражатқа жетімділік. Банктерден арзан пайызды несие болса... Сосын қазіргі өзекті мәселе - кадр мәселесі және де бұл салада бізге кеңірек ғылыми техника жағынан жұмсайтын қаражатқа жеңілдік болса деген ойымыз бар.
«Гормолзавод» серіктестігі де нәтижелі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қатарында. Сүт өнімдерін шығаратын зауыт тауарлары Қазақстан бойынша саудаланады.
Кәсіпорындардан бөлек, 55-10 әскери бөлімінде де болды. Офицерлер мен сарбаздарға былтыр қабылданған заңдарды баяндап берді. Әсіресе, әскерилерді баспанамен қамтуға бағытталған құжатқа ерекше тоқталды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұған дейін әскери қызметкерлер баспанасы жоқ болса, үйді жалға алуға компенсация алатын. Сол компенсацияны тек қана үйді жалға алуға ғана жұмсай алатын. Баспаналық төлемдерді біздің әскери қызметшілер банкіден ипотека алып, сол ипотеканы жабуға қолданатын болады. Сол проценті енді қарызын қайтаруға жеткілікті болады.
Бұл заңның шарапатын шамамен 60 мың әскери сезінбек. Құжаттың тиімді тұстары Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусының ұжымына да түсіндірілді.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Өтініш айтып келген азаматтардың барлық талап-тілектері ескерілмек.
Ермек ЕЛБЕРГЕН