Шығыс Қазақстан облысында шекаралық елді мекен қанат жайып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында шекаралық елді мекен қанат жайып келеді

10.01.2018

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты Мақаншы ауылында 320 орындық мектеп салынуда. Нысан осындағы ескі білім ордасының орнына пайдалануға беріледі.  Бұл  соңғы  22 жылда осы  елді мекенде алғаш бой көтерген  білім ошағы.  Шекаралық елді мекендерді дамытудың кешенді шаралары аясында  Мақаншыға таза  ауызсу жеткізілмек.

Заманауи үлгіде салынып жатқан білім ошағы 7 ғимараттан тұрады. Мектептің стадионы және жеке қазандығы болады. Құрылысқа   отандық өнімдерді пайдалануға басымдық берілген.

Саниязбек Жаңабаев,  құрылыстың іс жүргізушісі:

- Кірпішіміз Аягөздің, Өскеменнің кірпіші. Плитамыз, астына қоятын іргетастар бұлар Семейден шығып жатыр.

Қазір Мақаншыда 3 білім ошағы бар. Нысан ескі мектептің орнына пайдалануға берілмек. «Бұл орын жетіспеушілігін жойып қана қоймай, білім сапасына да оң ықпал етері сөзсіз», - дейді ауылдағы ағайын.

Жұмағазы Жақанбаев, Мақаншы ауылының тұрғыны:

- Балаларға, жас ұрпаққа деген елдің қамқорлығы, жастарға деген мемлекетіміздің, қоғамымыздың қамқорлық көрінісі болып есептеледі.

Соңғы жылдары  Мақаншыда 20-дан астам бизнес нысандары салынып, бірқатар мәдени орындар жөндеуден өтті. 

Дарын Сағитов, тілші:

- Тәуелсіздік жылдардан бері шекаралық елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайы бірнеше есе артқан. Бүгінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан білім ошағы соның бір дәлелі. Мердігер мекеме өкілдері нысанды биыл тапсырамыз деп отыр.

Мақаншыны дамытудың  кешенді жоспарына сай, биыл су құбырлары жаңартылмақ. Ірі жоба бірнеше жылда жүзеге асады.

Советхан Қалиев, Мақаншы ауылдық округінің әкімі:

 - «Ауыз су» бағдарламасы негізі 3 жылға келісімшартпен жоспарланған. Құжаттардың бәрі рәсімделген. Тағы да көшелерді жарықтандыру, жөндеу жұмыстары әрі қарай да өз жалғасын таба береді.

Барқытбелдің күнгейіндегі Мақаншы арқылы Қытаймен шекаралас Бақтыға апаратын республикалық жол өтеді. Тіршілігі қайнаған елді мекен Алакөлдің іргесінде. Сондықтан, ауылдың жағдайын жаңа деңгейге көтеру аса маңызды. Жаңа нысандардың бой көтеруі мен инфрақұрылымды жақсарту шекаралық елді мекеннің тынысын аша түседі, - дейді жергілікті халық.

Дарын САҒИТОВ

 

Хабарламаларға жазылу