Оралда дiни алауыздықты насихаттайтын материалдарды таратқан күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Үйінен тіркелмеген діни ағымның әдебиеттері, оқу құралдары, суреттері табылған азамат енді 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін де 57 жастағы азаматтың үйінен теріс ағымның материалдары тәркіленген. Ол төрт адамға тренинг өткізіп жатқан жерінен ұсталды. Кейін тергеу барысында діни кітаптарды үгіт-насихат жүргізу мақсатында жинағанын, өзге де заңға қайшы іс-әрекетін мойындаған. Қазір Ресейдің Саратов қаласында туып-өскен Батырғали Аманғалиевке ел аумағынан ешқайда кетпеу туралы қолхат берілген. Ал, тәркіленген кітаптар сараптамаға жіберілді. Кейін барлық құжат сотқа жолданбақ.
Гүламан Исмағұлова, Орал қалалық Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері:
- Қазір ҚР ҚК 174-бабы 1-бөліміне сай, яғни әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткізгіштерді дайындау немесе, тарату жолымен айналысқан тұлғаға қатысты іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ