Мәжіліс депутаттары Қостанайдағы «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу барысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаттары Қостанайдағы «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу барысымен танысты

05.01.2018

Бүгінде Қостанай ауданына қарасты Заречный кентінің «Солтүстік» ықшам ауданында мемлекеттік бағдарламамен 11 көпқабатты үй бой көтерген. Олардың инженерлік ифрақұрылымына 158 млн. теңге бағытталды. Биыл пәтер кезегінде тұрғандар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін тағы жеті тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ал, өткен жылы елімізде бірінші болып пилоттық жоба бойынша елді мекенде 68 жеке үйдің құрылысы басталды. 1 шаршы метрі 115 мың теңгеге бағаланған баспаналарға 1 млрд. 200 млн. теңге бөлінді. Жалпы, 2021 жылға дейін Қостанайда көпқабатты үйлерден тұратын жаңа үш шағын аудан бой көтереді деп жоспарланған.  

Серік Құсайынов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл жерде бәрі жүйелі түрде жасалған. Біріншіден, инженерлік-инфрақұрылым тартылған. Жарығы да, газы да, жолы да бар. Қазір бұл жерде тұруға барлық мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, халық қалаулылары «АгромашХолдинг» және «СарыарқаАвтоӨндіріс» зауытының еңбек ұжымдарымен кездесіп, өндіріс барысын қадағалады. Былтыр Қостанайдан шығарылған бір мың дана ауыл шаруашылығы техникасы ішкі және сыртқы нарықта саудаланды. Ал, мемлекеттік қолдаудың арқасында жеңіл көлік құрастыру ісі үш есе артты.

 

Данияр СҰЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу