Елімізде сұйытылған газ бағасы қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде сұйытылған газ бағасы қымбаттады

04.01.2018

Қымбатшылық литріне 4-6 теңге. Кәсіпкерлер бағаның өзгеретінін алдын ала білген. Яғни, Энергетика министрлігі қаңтардан бастап сұйытылған газдың бірден 13 пайызға қымбаттайтынын жоспарлапты. Осыны пайдаланған кей пысықайлар бағаны 4 теңгеге емес, 8-10 теңгеге дейін аспандатып жіберген.

Бас қаладан бастайық. Қаңтарға дейін 68 теңге болған пропанның бір литрі қазір 73 теңге. Ал, қанағатшыл кәсіпкерлер жетпіс теңгеден асырмаған. Бірақ, ондайлар саусақпен санарлық қана. Қала тұрғындары болса, «көбіне сол қымбат газдың өзін таппай тентіреп кетеміз»,- дейді.

Жанар Жалғасқызы, қала тұрғыны:

- Есігімнің алдында газ құйдыратын жер бар. Ол жерде 76 теңге. Алыс болса да, осы жерге келіп құйдырамыз. 3-4 теңге болса да үнемдейік деп.

Орынхан Әбдірайымов, қала тұрғыны:

- Қарапайым халық үшін газдың қымбаттауы қиын. Бір жерде 70, бір жерде 73 теңгеден. Оның өзінде келсең талон сұрайды. Нақты ақшаға жоқ.

Ақтөбе қаласында да қымбатшылық. Мұнда сұйытылған газ бірден 6 теңгеге өсіп, литрі 55 теңгеден сатылуда.  Ал, Қызылорда облысындағы өсім 4 теңге, яғни литрі 66 теңге тұрады. Бұл баға енді негізсіз өспейді. Өйткені, аккредиттелген мекемелермен жергілікті әкімдік арасында меморандум бар. Дегенмен, тұрғындар өкпелі.

Ермек Қайратұлы,  қала тұрғыны: 

 - Былтыр 52 теңге болды. Ал, Жаңа жылдан кейін бірден  қымбаттап кетті. 66 теңге болды. Енді бұлай қымбаттай беретін болса, газды да ешкім құймайтын сияқты.

Бағаның  өсуіне Энергетика министрлігінің 5-ші желтоқсандағы бұйрығы себеп.

Мадияр Садықов, облыстық Энергетика және ТҚШ басқармасының бөлім басшысы:

 - Энергетика министрлігінің 5 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, қосымша құн салығын қоспағанда 38 мың 701 теңгеге көтерілді. 2017 жылдың 2 маусымындағы бұйрығына сәйкес баға 34 мың 319 болған, осы уақытқа дейін сақталып келді. Енді қаңтардан бастап 38 мың 701 теңге болғаннан кейін, қосымша құн салығын қоспағанда, сол себепті облыс аумағындағы 62 болып тұрған  газ 66-ға көтеріліп жатыр.

Досымжан Ермұрат, тілші: 

- Бізде бәрі аяқасты өзгереді деген көлік жүргізушілері осы салаға жауаптыларға өкпелі. Олардың айтуынша, «бағаның өсуін жоспарлы түрде, БАҚ арқылы ай бұрын ескерткені дұрыс. Сонда осы қымбатшылыққа алдын ала қамданатын едік», - дейді. Қазір бір Астананың өзінде баға әртүрлі. Құбылып тұр. Қашан тұрақталатыны белгісіз. Оның үстіне көп жерде газ жоқ.

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу