Жасампаз жылдардың жылнамасына баланған Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабына сұраныс жоғары. Тарихи публицистика жанрында жазылған еңбекте Тәуелсіздік дәуіріндегі аса қиынға соққан бес жыл баяндалып, ел болу жолында кезіккен кедергілерді мүмкіндікке, тәуекелді табысқа айналдырған сәттер нақты дәлелдермен жазылған. Сондай-ақ, сын-қатерлер де назардан тыс қалмайды. Осының барлығын саралай келе отандық және шетелдік сарапшылар бұл туындыны жоғары бағалап отыр.
Кеңестік империяның соңғы жылдарынан бастап Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі күнге дейінгі кезеңін қамтыған маңызды еңбек тарихшылар мен түрлі сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие. Империяның саяси және экономикалық дағдарысы асқынған кезең қарапайым тілмен жазылған.
Сейіт Қасқабасов, ҚҰҒ академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы:
- Тәуелсіздік 91-ші жыл болғанымен, Тәуелсіздік қалай басталды? Қалай біз сол жолдан өттік? Осы тұрғыдан келгенде 30 жылды қамтыған дүние.
Тарихи публицистикалық туындының соңында Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның қол жеткізген 33 жетістігі баяндалады. Онда тек саяси-экономикалық нәтижелер ғана емес, сондай-ақ, ұлтаралық татулық пен спорт, денсаулық сақтау сынды түрлі саладағы қомақты табыстар бар.
1991-2017 жылдардағы Тәуелсіз Қазақстан:
1. Тәуелсіз Қазақстан - әлем қауымдастығы мойындаған реформалар мен ғаламдық бастамалар көшбасшысы, бірқатар халықаралық беделді ұйымдарға жетекшілік жасаған замануи қуатты мемлекет. Қазақстанның жетістіктерін дамушы елдер қызығушылықпен зерттеу үстінде.
2. Қазақстан өзінің ұлттық тарихында тұңғыш рет халықаралық дәрежеде мойындалған нақты шекараға ие болды, соның нәтижесінде барлық шекаралық дау-дамайлар қаупіне тосқауыл қойылды. Бұл келер ұрпаққа жасалған баға жетпес тарту.
Тәуелсіздік күні қарсаңында жарық көрген кітап қазірде ел кітапханаларына таратылуда. Әзірге екі тілде шыққан еңбекті болашақта БҰҰ-ның алты тіліне аудару жоспарда бар.
Елдос САПАРҒАЛИ