ОҚО-да аграрлы өндірістік аймақ құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да аграрлы өндірістік аймақ құрылды

03.01.2018

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ ауданында ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қолайлы болу үшін арнайы аграрлы өндірістік аймақ құрылды. Бұл орталыққа мал семіртіп соятын, сүт өңдеумен айналысатын, төрт түліктің азығын дайындайтын қожалықтар шоғырландырылып жатыр. Соның арқасында түрлі бағыттағы кооперативтер енді бір-бірінің қызметін тиімді пайдалана алады. Жемді алыстан іздемейді. Сүтті сол жерге өткізеді. Қасапханасы да қасында.

Мына өндірістік кооперативтің 20 мүшесі бар. Мал бордақылаумен айналысады. Жаңа құрылымға бірігудің арқасында мемлекеттен берілетін жеңілдіктерді тиімді пайдаланып отыр. Биыл 9 миллион теңге несие алып, малын көбейтті. Қалған ақшаға жем тартатын диірмен сатып алды. Оның көмегімен күніне 1 тоннаға дейін малға құнарлы азық дайындалады.

Әлиайдар Әбдіраев, өндірістік кооператив төрағасы:

- Қондырғымен майдалап, малды семіртіп жатыр. Қалғанын сатып жатырмыз. Жүгері, арпа, бидай бәрін турап, мақсарымен араластырып береміз. Тез семіреді.

Ал, мына өндірістік кооперативте кілең сауын сиырлар бағылады. Жиналған сүтті аудандағы балабақша мен мектептерге сатып, пайда тауып отыр.

Нұрділлә Мәдібайұлы, өндірістік кооператив төрағасы:

- Былтыр асыл тұқымды 10 бұқа сатып алғанбыз. Солардан биыл төл алып жатырмыз. Алды бастап түсіп жатыр. Оның ерекшелігі, бір сауғанда 15-20 литрдей сүт сауып алуға болады.

Аграрлы аймаққа қазірге дейін осындай 6 өндірістік кооператив орналасты. Оның бірі 24 миллион теңгеге ет сою қондырғысын орнатып жатыр. Өйткені, бүгінде аудан төрт түліктің етін тек ел аумағына ғана емес, шет елдерге де саудалайды. Созақтың етіне бүгінде Біріккен Араб Әмірлігінен бөлек, Қытай мен Ресейден де сұраныс түсе бастады. 

Салыхан Полатов, Созақ ауданының әкімі:

- 2 мыңнан аса шаруа қожалығы бар. Оларда 400 мыңға жуық мал бар. Былтыр 2 мың бас қой экспортқа шығарылса, биыл мың қой. Осы бағыт ауданымыздың келешегі.

Биыл аймақта 26 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Оған 509 шаруа мүше. Бірігіп іс бастау үшін олар мемлекеттен 600 миллион теңгеге жуық несие алып отыр. Бұл қаржы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, қымыран дайындау ісіне жұмсалмақ. 

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу