Жалған ақпар үшін ерлі-зайыпты азаматтар қамалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалған ақпар үшін ерлі-зайыпты азаматтар қамалуы мүмкін

29.12.2017

«Көлігіміз ұрланды» деп жалған ақпар берген ерлі-зайыптылар 10 жылға түрмеге қамалуы мүмкін. Оралда әйел адам «ауладан көлігім ұрланып кетті» деп полицияға арыз береді. Оның сөзін жолдасы да растайды. Қалалық ішкі істер бөлімінде жедел-іздестіру тобы құрылып, із кесуге шығады. Нәтижесінде Құрманғазы көшесінен аталған көлік соғылған күйінде табылады. Тергеу барысында арызданған әйелдің жолдасы алкогольді ішіп, жол жиегінде тұрған басқа бір көлікті соғып, оқиға орнынан қашып кеткені анықталады. Кейін әйеліне болған жайды айтып, екеуі апат шығынын жасыру үшін полицияға арыз береді. Енді жалған ақпар берген ерлі-зайыптылар бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Марат Мұстафин, Орал қалалық ІІБ Абай полиция бөлімінің бастығы:

- Арыз берге әйел мен оның жолдасына қатысты «Қылмыстық құқық бұзушылық жасау туралы көпе-көрінеу жалған ақпар беру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза қолданылуы мүмкін. Жалған ақпардың салдарынан жеке құрам мен көптеген полиция қызметкерінің уақыты шығындалды. Әрі көліктерді тексеруге кеткен шығын да анықталып, кінәлілерден өндіріледі. Жүргізуші ішімдік ішіп, жол-көлік апатын жасағаны үшін де әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу