7200 пәтер немесе 425 мың шаршы метрден астам баспана. «Нұрлы жер» бағдарламасының басты операторларының бірі «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамы биыл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп пәтер тапсырды. Өңірлер арасында Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Қостанай, Павлодар облыстары белсенді. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған пәтерлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары мен әкімдік кезегінде тұрған азаматтарға беріледі.
«Бәйтерек девелопмент» компаниясы былтыр 2000-нан астам пәтер пайдалануға берсе, биыл 7200 пәтер тапсырды. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 1 496 отбасы баспаналы болды. Шымкенттегі 192 квартал аталып кеткен мына ықшам ауданда 16 көпқабатты үй тұрғызылды. Пәтерлер алдымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» беріледі, одан артылғанын әкімдік арқылы кезекте тұрғандарға таратады.
Батырхан Нұранов, учаске басшысы:
- Құрылысқа отандық материалдар қолданылып жатыр. Әр үйдің кіреберіс подъездеріне домофон орнаттық. Бұл жерге су, жарық, газ бәрі келіп тұр.
Баспана бағасы бастапқыдан өзгерген жоқ. Алматы, Астана, Ақтау, Атырауда шаршы метріне 200 мың теңге, өзге өңірлерде 180 мың теңге. Биыл Атырау, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында құрылыс қарқынды болды.
Төлеубек Ілиясов, «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Бағдарлама бойынша 3 бөлмелі пәтер ауданы 80 шаршы метрден аспауы керек, бір бөлмелі пәтерлер 27 шаршы метрден басталады. Келесі жылы 588 пәтер тапсыруды жоспарладық. Осылайша, қорыта айтқанда екі жылда 9 243 пәтер берілді.
Бұл 2020 жылға дейін жалғасатын «Нұрлы жер» бағдарламасының бір ғана тармағы бойынша тындырылған тірліктер. Баспана бағдарламасы келесі жылы да жалғасып, биыл құрылыс басталған нысандар пайдалануға беріледі.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ