Атырауда бүгін 100-ге тарта қоғамдық көлік жұмысқа шықпай қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда бүгін 100-ге тарта қоғамдық көлік жұмысқа шықпай қойды

27.12.2017

Бұған «Айстрансхолдинг» ЖШС кінәлі деп санайды кәсіпкерлер. Айтуларынша, жолаушы тасымалына жауапты мекеме оларға «артық ақша» төлетіп отыр. Наразылық білдірген қоғамдық көлік иелерімен тілшіміз кездесті.

«АйстрансХолдингтің» алдына жиналғандар «жауапты мекеме жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді», деп отыр.

Азамат Құспанов, кәсіпкер:

- «АйстрансХолдингтің» директоры айына 25 млн. теңге төлейміз деп айтты. Оны төлейтін қазір қаражат болмай жатыр. Автобустарымыз сынық. Бізге төлеуге 22 мың, 15 мың, 10 мың айырмашылықтар қойып бастады. Сонда біз олардың кредитін жауып береміз бе, қалай?  

Жанаргүл Тілеуова, кәсіпкер:

- Күзетшілер автопаркке кіргізбейді. Бізден тек таңертең ақшаны алады да болды.

Ал, «АйсТрансХолдинг» басшысының айтуынша, мекеменің қаржылық жағдайы қиын, сол себепті, тариф өсіруден басқа амал қалмады. Парктегі 70-ке тарта көліктің, қырық шақтысы қаңтарылып тұр екен.

Жасұлан Бисенов, «Айстрансхолдинг» ЖШС басшысы:

- Біздің 88 млн-дай қарызымыз бар. Күндік жарна 1000 теңгеден 3600 теңгеге дейін болса, біз тек оны 15 пайызға ғана көтеріп отырмыз. Ал 15 мың, 20 мың деген бұлардың өздерінің қосып алып отырған сөздері. Оған ешқандай келісімшарт берілген жоқ.

Дегенмен, кәсіпкерлерден түскен шағым бойынша тиісті мекеме тексеріледі.

Нұрлан Тұрланов, Коммуналдық тұрғын үй шаруашылығы мекемесі диспетчер бөлімінің басшысы:

- Заңсыз ақша алу мәселесі бойынша қала әкімінің орынбасарында жиналыс өтеді. Факт анықталса, жауапқа тартамыз.

Осылайша, жұмысқа шықпаған көлік иелерінің наразылық білдіруінің нәтижесінде әзірге жарна мөлшері көтерілмейтін болды.

 

Өнербек ЖАҢАБАЙ

Хабарламаларға жазылу