Астаналық көлік жүргізушілер көгілдір отыннан тарығуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналық көлік жүргізушілер көгілдір отыннан тарығуда

20.12.2017

Қаладағы газ құю бекеттерінде өнім бірінде болса, бірінде жоқ. Арагідік талонмен ғана берілген жағдай да болды. Сонда тапшылық неден туындайды? Мәселенің жай-жапсары туралы Нысаналы Ығыл әңгімелейді. 

Былтырмен салыстырғанда елімізде газбен жүретін көліктердің саны 160 мыңнан 333 мыңға жеткен. «Ал, ішкі нарықтағы сұйытылған отынды тұтыну көлемі айына 80-85 мың тоннаны құрап отыр», - дейді мамандар. Бірақ, соған қарамастан газ құю бекеттерінде көгілдір отын жиі болмай қалады.

Қаланы шыр айналып, газ іздеп жүргеннің бірі Қанат. Ол сұйытылған отын толтыру үшін екі күн сайын 70 шақырымдай қашықтағы Шалқар ауылынан қатынайды. Бірақ, көбіне құр қол қайтады екен. 

Қанат Қуандықов, Ақмола облысының тұрғыны:

- Үшеуіне бардым. Үшеуінде де жоқ. Қалада іздеп жүресің.

Көлік жүргізушілері естігенін емес, көргенін айтады. Біз де бірнеше газ құю бекетін араладық, құрғап тұр. Ал, кей жерде түске дейін сатылып кетіпті-міс.

Соңғы жылдары сұйытылған отынға сұраныс артты. Тиісінше, қала бойынша газ тапшылығы жиі сезіледі. Бірақ, сондай жағдай болған күннің өзінде үздіксіз жұмыс істейтін бекеттер бар. 

Владимир Киян, оператор-кассашы:

- Әзірге бізде жетіспеушілік жоқ. Газ үнемі бар. Талонмен де, қолма-қол ақшамен де беріп келеміз. Қала бойынша газ болмағанда ұзын-сонар кезек қалыптасады. Жуырда ғана 20 көліктей кезекте тұрды.   

Бұл мәселеге қатысты көлік жүргізушілерінің өз түйгені бар. Олардың болжамынша газ тапшылығы қолдан жасалып отыр.  

Ержан Оспанов, қала тұрғыны:

- «Жоқ», дейді. Газ бар. Бірақ, бермейді. Талонмен береді. Неге олай екен? Бір адам бәрін бақылап отырған шығар. Өйткені, бәрі бір жерден алады.

Сұйытылған отынның айналасындағы сан сұрауға ресми жауап ала алмадық. Себебі, жергілікті әкімдік Энергетика министрлігіне сілтеді. Ал, олар болса «біз жер қойнауынан тек игереміз де, оны зауыттарға жеткізіп береміз»,-дейді. Сонда Қанат сияқты жүргізушілердің әлегін кім түсіндіріп береді?

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу