Елімізде биыл 12 мыңнан астам адам екпеден бас тартқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде биыл 12 мыңнан астам адам екпеден бас тартқан

19.12.2017

Осыған дейін де Мәжіліс депутаттары бұл мәселені бірнеше рет көтерген еді, енді депутат Зағипа Балиева Премьер-Министрдің атына сауал жолдап, «дер кезінде шараларды қолға алу қажет», - дейді. Себебі, әлемде қайтыс болатын 50 миллион адамның 16 миллионы инфекциялық аурулардан көз жұмады екен. Ал, депутат Зәуреш Аманжолова болса, маман дайындау ісіне көңіл бөлу керек деп отыр.

Елімізде 1990 жылдан бері ана мен бала өлімі бес есе азайған, сондай-ақ, онкологиялық аурулар мен туберкулезбен күрес те өз деңгейінде жүргізілуде. Дегенмен, денсаулық сақтау саласында кемшін тұстар жетеді. Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова өз сауалында денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік жаңа нормативін құру мәселесіне назар аударды. Жоспарға сәйкес онкология, перинатология, наркология, психиатрия, инфекция, туберкулез, жедел медициналық көмек секілді мамандандырылған ұйымдарды бастапқы медициналық-санитарлық көмек және көпбейінді клиникалар деңгейіне беру жүргізілмек. Алайда, біздің мамандар оған дайын ба? Мәселе осыда.

Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі таңда елімізде ірі медициналық мекемелерге жетекшілік ететін менеджер жоқ. Сондықтан да кадрлық резервке мән беріп, мамандарды дайындауды қолға алуымыз керек. Сонымен қатар, «Жол картасын» әзірлеуді ұсынамыз, өйткені, халық денсаулығы – бірінші кезекте болуы тиіс.

Жыл сайын Қазақстанда инфекциялық ауруларға қарсы 5 миллион адамға екпе егіледі. 2013 жылы екпеден бас тартқандар 500 болса, 2016 жылы - 9мың, ал биыл тіпті 12 мыңға жеткен. Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева діни сенімдеріне байланысты екпе салдырмайтын қазақстандықтардың артып келе жатқанын айтады. Біздің азаматтарымыздың 40%-ы діни сенімдеріне бола вакцинадан бас тартты. Керісінше, «олар менингит ауруына қарсы вакцина салдырмаса, Меккеге кірмейді», - деді депутат. Сонымен қатар, оның айтуынша, қажетті вакцина дер кезінде тасымалданбайды.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Соңғы екі жыл ішінде А және Б вирустық гепатиттеріне қарсы АКДС сынды вакциналардың тасымалдану үрдісі үзіліп отыр. Мұндай вакциналардың жетіспеушілігі коклюш, дифтерия және полиомиелит секілді инфекциялардың пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін. Ал, бір ғана полиомиелит инфекциясының табылуы әлемде столбняк пен гемофильді инфекцияға шалдықтырады.

Зағипа Балиева балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың азаймай, керісінше, өршіп тұрғанына алаңдаушылық білдірді.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу