Екібастұзда 72 отбасы баспаналы болды. Олардың арасында кеншілер мен энергетиктер, бюджеттік мекеме қызметкерлері бар. 9 қабатты үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынды. Жалпы, бұл мемлекеттік бағдарлама арқылы осы аймақтағы 400-ге тарта отбасы биыл жаңа үйге кірді. Екібастұздың орталығында орналасқан жаңа үйге бүгін балалар үйлерінде тәрбиеленген 19 жас отбасы да қоныстанды. Қайраш Аханов - Семейдің тумасы. Төрт жыл бұрын екі баласы және жұбайымен кеншілер шаһарына көшіп барып, вагон жасау зауытына жұмысқа орналасты. Енді ол үш бөлмелі пәтердің иесі атанды.
Қайраш Аханов, жаңа пәтер иесі:
- Әрине, біз үшін бүгін өте қуанышты күн. Бұл уақытқа дейін бізде үй, пәтер болмаған. Осы жасқа келгенше дейін туыстарымның үйінде немесе жалдап тұрдым. Мынандай пәтер түсіме де кірмес еді шынымды айтсам.
Болат АМАНБАЕВ