«Мен қазақпын» жобасы мәресіне жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мен қазақпын» жобасы мәресіне жетті

14.12.2017

Ұлттық арнада жарты жыл ішінде көрермен көзайымына айналған «Мен қазақпын» жобасы мәресіне жетті.  Телевизиялық байқауға алыс-жақын шетел мен елімізден 3000-ға жуық үміткер өтініш білдіріп, солардың тек 700-і қатысу мүмкіндігіне ие болды. Шығармашылығын шыңдаған 18 бен 40 жас аралығындағы өнер иелері көптің қошеметіне бөленіп, талайдың таңдайын қақтырды.

Ән, күй, терме. Дәл осы мәдени мұраны ұлықтап, ұлттық өнердің өрісін кеңейткен ауқымды жоба кіл мықтыларды жер-жерден іздеді. Шалғай аймақтарды шарлады. Тіпті, көрші Қытай, Моңғолия, Ресей елдеріндегі қандастарымыз да қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Үш айға жалғасқан іріктеу нәтижесінде 57 өнерпаз телевизиялық жобаға жолдама алды. Ал, келесі кезеңде 12 дарын иесінің бағы жанды. Осылайша, өнерге таласы бар таланттардың бәйгесінде жеңімпаздарды анықтау қара қылды қақ жарған қазылар алқасына да оңай болмады.

Алты айдың ішінде ауқымды бағдарлама еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін - барша көреременнің сүйікті жобасына айналып үлгерді.

Әлімбек Келдібай, көрермен:

- Көрермен ретінде қатты риза болдық. 6 айдың қалай өткенін де білмей қалдық. Алғашқы жобада менің өзіме қатты ұнағаны Алпысбек Оңайбайұлы. Оның дауысы, тембрі де қазақы.

Мегажобаның мінсіз ұйымдастырылуына Ұлттық арна қызметкерлері барын салды. Іріктеу кезеңінде 27 мың шақырым жол жүріп, 16 қала, 3 мемлекетті аралады. Ал, кадр сыртындағы қарбалас тірлікті айтып жеткізу мүмкін емес. Бастысы, міндет орындалды, қазақ өнерінің мәртебесі артты.

Қуаныш Сұлтан, «Мен қазақпын» жобасының бас продюсері:

- Мырзатай ағам айтпақшы, жер бауырлап қалған қазақ өнері еңсесін көтерді. Жобаның негізгі мақсаты - эстрадалық әншілердің деңгейіне қазақ өнерін ұлықтап жүрген жандардың деңгейін жеткізу. Өздеріңіз байқаған боларсыздар, мұндай жоба бірінші рет ұйымдастырылып отыр.

Жүлдегерлердің арасында өнерден алшақ, кәсіби білімі жоқ жандардың да жұлдызы жанды. Жеңімпаздар кімдер және оларға қандай сыйлық берілмек. Жексенбі күні сағат 20:55-те «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан көре аласыздар. Бұл жоба келер жылы да жалғасын табуы  мүмкін.

 

Раушве САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу