«Дипломмен ауылға» бағдарламасының нәтижесінде маман тапшылығы мәселесі жүйелі түрде шешілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының нәтижесінде маман тапшылығы мәселесі жүйелі түрде шешілуде

12.12.2017

Мәселен, Қарағанды облысының шалғайдағы Мартбек Мамыраев атындағы ауыл мектебіне мемлекеттік бағдарлама бойынша 10 маман барды. Үздік білім ошағы деп танылған мектеп ұжымы «білікті жас кадрлардың арқасында жетістікке жеттік" дейді. Шалғайдағы ауылға барып, ел игілігі үшін табысты қызмет етіп жүрген жас мамандармен тілішіміз жүздесіп қайтты.

Арайлым Игілікова ағылшын тілінің мұғалімі. 2011 жылы оқуын тәмамдаған соң «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында отбасымен ауылға көшіп келген. Үш баланың анасы қазір осы Әлібек Бүркітбаев атындағы №12 орта мектепте сабақ береді. Шәкірттерінің алды аудандық, облыстық олимпиадаларда топ жарған.

Арайлым Игілікова, ағылшын тілінің мұғалімі:

- Қазіргі шарықтап жатқан заманда ағылшын тілі керек. Ауылдың балалары көбіне көштен қалып қойып жатады. Сондықтан, ауылдық жерді көтерейік деп келдім.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының бұл мектепке  шарапаты мол болды. Ұжым 10-ға жуық жас маманмен толықты. Осылайша, ауыл мектебіндегі химия, биология, ағылшын тілі сынды пәндер бойынша мамандардың тапшылығы жойылды. Тіпті, қазір жеке психолог кабинеті де жұмыс істеп тұр.

Әсел Омарова, мектеп директорының міндетін атқарушы:

- Әлі де болса қажетті мамандар бар. Келемін деген жас ұстаздар болса, есігіміз айқара ашық. Оларға көмектесеміз.

Кеңес Одағының батыры Мартбек Мамыраев атындағы бұл ауылда Тоқтар Әубәкіров, Халық әртістері Қалибек Қуанышбаев пен Рақия Қойшыбаева сынды біртуар тұлғалар дүниеге келген. Осынау киелі мекенге мемлекеттік бағдарламамен келіп тұрақтанғандардың бірі Әйгерім Шамақова. Бүгінде мектепте химия пәнінен сабақ береді. Бағдарлама аясында баспаналы болған.

Әйгерім Шамақова, жас маман:

- Мен осы бағдарламаға қатысқаннан кейін білемін, бұл жастарға өте үлкен көмек. Біздің енді ғана отбасын құрып, енді ғана аяққа тұрып жатқан кезіміз болатын. Өте үлкен көмек болды.

Жалпы, Қарқаралы ауданында бүгінгі күні «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында келген 247 маман түрлі салалар бойынша табысты қызмет етіп жүр. Оларға мемлекеттік тарапынан көтерме қолдау ретінде 28 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу